Ал бүгін Бостонда Джохар Царнаевқа ресми түрде өлім жазасы жарияланды. Рейтерстің хабарлауынша, Джохар соңғы сөзінде жасаған ісі үшін кешірім сұрады. Сондай-ақ, ол алқабилер мен адвокаттарға атқарған парыздары үшін алғыс айтты. Куәгерлер, Джохардың 5 минутқа жалғасқан соңғы сөзі діни сарындағы сөздермен астасқан деседі. Кейін аймақтық Бостон Федералды сотының судьясы Джордж О'Тул Царнаевқа ресми түрде өлім жазасын кесті. Судья, «жұрт Царнаевты үлгілі оқушы, дос ретінде емес, жазықсыз адамдарды жазым еткен қанішер ретінде еске алады», - деді. Айта өтейік, 15 мамырда алқабилер Бостон марафонындағы жарылыс ісіне жауапты ретінде айыпталған Джохар Царнаевты өлім жазасын кескен болатын. Еске салайық, ағайынды Джохар және Тамерлан Царнаевтар 2013 жылдың 15 сәуірінде Бостон марафоны кезінде екі бірдей жарылыс жасап, салдарынан 3 адам қаза тапты.
Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА