Пәкістанда аптап ыстықтан көз жұмғандар саны мың адамнан асты. Олардың көбісі кедейлер мен қарттар, -деп хабарлайды Рейтерс. Құрбандар қатары әсіресе, Карачи қаласында аса көп, бұл шахарда 780-нен астам адам ажал құшты. Агенттік таратқан ақпарға сай мәйіттер елдегі мәйітханаларға сыймай жатыр. Сынап бағанасы әлі де 45 градус ыстықты көрсетіп тұр. Жұртты үйлерінде қалдыру үшін, билік кешегі күнді демалыс деп жариялады. Алайда Пәкістан халқы атқамінерлер қол қусырып қарап отыр деп ашынады. Олар электр қуатының жиі болмай қалуынан кондиционерлер мен өзге де ауа салқындатқыш құрылғылар істемей жатыр дегенді алға тартуда.
Қадыр Кхан:
Жарықтың сөнгеніне бірнеше күн болды. Қашан берілетіні де белгісіз. Тіпті судың өзі кейде болмай қалады. Біздің үйге су құбыры тартылмаған, тіршілік нәрін сатып аламыз. Бір көліктегі су 600-700 рупий тұрады. Бұл тым қымбат. Оған шамамыз келмейді.
Базаргүл ОТЫНШИЕВА