Батыс Қазақстан облысындағы шетелдік компаниялар жұмыс күшін өз елдерінен әкелуді доғарар емес. Облыстық прокуратураның дерегінше, мұндай жағдай осы өңірдегі мұнай-газ өндіретін ірі бес компанияда орын алған. Кәсіпорындар бұрғылаушылардың өзін шетелден алдырған көрінеді. Алайда, алыстан алдырған 17 маманның, «кәсіби біліктілігі, талапқа сай еместігін» жергілікті құзырлы орган өкілдері анықтаған. Осыдан кейін кінәлі мекемелерге 20 миллион теңге айыппұл салыныпты. Прокурорлар, көш-қон полициясының да жұмысын сынға алды. Бақылаудың әлсіздігін пайдаланғандар арзан жұмыс күшін көрші елден тасымалдауда. Осылайша, Өзбекстан азаматтарының да елге заңсыз келгені анықталды. Тіркелген жерінен табылмаған олар басқа жерде жұмыс істеген. Прокурорлардың араласуымен заңды белшеден басқан шетелдіктер де, оларды жүмысқа тартқан жергілікті тұрғындар да әкімшілік жазаға тартылды.
Еркін КАРИН