Елбасының «Өмір өткелдері» атты сыр-сұхбат кітабы оқырманға таныстырылды

  • AstanaTV
  • 01 шілде 2015

Бүгін Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өмір өткелдері» атты сұхбат кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Салтанатты шараға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, сондай-ақ, Парламент депутаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. «Өмір өткелдері» кітабы ел Президентінің «Егемен Қазақстан» газетінің бірінші басшысы, қоғам қайраткері Сауытбек Әбдірахмановқа берген сұхбаттарының топтамасы ретінде жарық көріп отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірбаяны алғаш рет өзінің «Әділеттің ақ жолы» атты кітабында баяндалған болатын. Содан бергі кезеңде оқырманға жол тартқан кітаптарын Қазақстан Президенті елдің стратегиялық даму бағытының жекелеген тармақтарына арнағаны мәлім. Сондықтан «Өмір өткелдері» Мемлекет басшысының тәуелсіздік алған  жылдардан бергі өзі туралы әңгімелеген екінші кітабы. Айта кетейік, кітап он алты тараудан, 570 беттен тұрады. Әр тарау Елбасы өмірінің белгілі бір кезеңіне арналған. Онда Президент өзінің шыққан тегінен, балалық шағынан бастап, мектепте оқыған жылдарына тоқталған.Сондай ақ жастық шағы мен Теміртаудағы құрыш құйған кезеңдері туралы әсерлі әңгімелейді.

Сауытбек Әбдірахманов, «Егемен Қазақстан» Республикалық газеті» АҚ президенті:

Елбасы кітабы бізді ұлттық мақтаныш сезіміне бөлейді. Ұлттық мақтаныш сезімі ұлы істерге бастайтын ұлы күш. Нұрсұлтан Әбішұлының «Бақыт - бағасын білгеннің басында тұрады» деген тамаша сөзі бар. Бұл кітап бізді басымыздағы бақытты бағалауға үйретеді. Соған шақырады, бұл кітаптың басты құндылығы да осында.

Нұрлан Оразалин, ҚР Парламенті сенатының депутаты:

Жаңа үлкен сырласу кітабы, сырласу сұхбаты дүниеге келген екен. Президенттің жан дүниесін оқығандай болдық. Президенттің осы уақытқа дейінгі білмейтін қырларын, сырларын танығандай болдық. Үлкен құндылықпен кездестік. Үлкен еңбекті, содан кейін Елбасының өзінің халқына көкірегін ашып сала айтқан сырлас, сыралғы, кәдімгі досымен әңгімелескендей болған сұхбатын тыңдадық. Демек Президенттің жанын жаңаша таныдық деген сөз. Соны білдік деген сөз. Мына бұл еңбек осындай жағымен, жаңалығымен құнды.

Берік ХАСЕНОВ