Қазақстан магниткасының мерейтойлық болат құймасы алынды

  • AstanaTV
  • 30 маусым 2015

Теміртаудағы металлургия комбинатында «Қазақстан магниткасының 55 жылдығына» орай мерейтойлық құйма құйылды. Тарихи сәтке зауыт басшылығымен бірге ардагер металлургтер де куә болды. Домна пешінен шыққан болат кесегі, енді зауыт мұрағатында бүгінгі күннен естелік ретінде сақталмақ. 1000 градуста балқыған қып-қызыл болатты тәжірибелі көрікшілер қабылдап алды. Мерейтойлық құйма алу сәтін ардагер металлургтер де бақылап тұрды. Қариялар 40-50 жыл бұрын еңбек еткен зауыттың қазір көп өзгергенін айтады. Кезінде ең шағын пештің бірі болып саналған үшінші домна пеші жақында күрделі жөндеуден өтіпті. Зауыт басшылығы жуырда 4-інші домна пешін  іске қосуды жоспарлап отыр. Өндіріс бұрынғыдай қол еңбегімен емес, автоматты басқаруға ауыстырылған. Алпауыт кәсіпорында бүгінде 15 мыңға жуық адам еңбек етеді. Жұмыскерлер жылына 3 млн 500 мың тонна металл өндіреді. Кезінде «Қазақстан магниткасы» аталған Теміртау металлургиялық зауыты жарты ғасырдан астам уақыт бойы ел экономикасы мен халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға зор үлес қосып келеді.

Жағыппар Әбдірахметов, ардагер металлург:

Жұмыс ауыр болды. Бәрін қолмен істедік, Бірақ, сонда да осы сияқты жұмыс істедік. Ол уақытта бірінші домна пеші ең кішкентай болса да, Совет уақытында 3 мың тоннадан артық шойын беретін. Барлық өмірім осы доменный цехта өтті. Осы күнге жеткеніме қуаныштымын.

Айжан ҚУАШ