Шығыс Қазақстандық полицейлер кішкентай Мирастың ата-анасына іздеу салады

  • AstanaTV
  • 30 маусым 2015

Шығыс қазақстандық полицейлер кішкентай Мирастың ата-анасына іздеу салады. Үш күн бұрын Өскемендегі шағын аудандардың бірінде түн ортасында серуендеп жүрген баланы жергілікті тұрғындар  көріп, кезекші бөлімге хабарласқан. Қазір Мирас кәмелеттік жасқа толмаған балаларға арналған уақытша оқшаулау орталығында. Психолог мамандар баламен сөйлесе келе оның шамамен 3-4 жаста екенін анықтады. Баланың тәбеті жақсы, денсаулығына да шағымы жоқ. Алайда тілі анық шықпағандықтан оның толық аты-жөнін, ата-анасы және мекен жайын нақты білу мүмкін болмай отыр. Полицейлер бала анасымен еріп  Өскемендегі әкесіне немесе ата-әжесіне  қонаққа келуі мүмкін деген жорамал жасауда. Кішкентай Мирастың суреттері қазір барлық полиция бөлімшелеріне жолданып, әлеуметтік желілерге кеңінен таратылды. Орталық мамандары оны көргендердің арасынан баланы танитындар табылар деген үмітте.

Жанар Әбікенова, ШҚО Білім беру басқармасы Кәмелеттік жасқа толмаған балаларды уақытша оқшаулау орталығының психологы:

Бұл бала Семейден келген сияқты. Өскемен қаласындағы туыстарына. Бала өзі тыныш, барлық жағдайларды өзі істей алады. Балалармен жақсы ойнайды. Мамасын іздемейді, сұрасаң «менің мамам жұмыста» деп айтады.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ