Керекулік мүгедектер инватаксидің
қызметіне наразы. Айтуларынша, тендерді ұтып алған жаңа фирманың жұмысы талапқа
сай емес. Кешігіп келу, өтінішті қабылдамау сынды жағдайлар өз алдында, кейбір
көліктерде көтергіш қондырғы да жоқ,- дейді олар. Вера Явонова осыдан үш жыл
бұрын құлап, омыртқасын зақымдаған. Содан бері таяққа тәуелді болып қалды.
Алайда, өжет қыз қиындықтан қаймықпайды. Екі аяғынан тік тұруды мақсат тұтқан
ол спортпен шұғылдана бастаған. Вера қалада өтіп жатқан түрлі іс-шаралардан да
қалмайды. Тіпті, жаңа кәсіпті игеру үшін бірнеше курсқа жазылған. Бірақ, соңғы
уақытта діттеген жеріне жетуге қиналып жүр. Мемлекеттік тапсырыс бойынша
мүгедектерді тасымалдайтын жаңа фирманың қызметіне оның көңілі толмайды.
Вера Явонова:
Жаңа фирманың келуімен
тасымалдаудан бас тарту, кешігіп келу сияқты дүниелер көбейді. Проблемалар арта
түсті. Қазір біз уақытылы ауруханаға да, оқуға да, жұмысқа да жете алмайтын
болдық. Көліктің жабдықталуы да сын көтермейді. Тиісті жағдай жасалмаған.
Кейбір таксиде тіреуіш деген атымен жоқ.
Басына түскен проблемасын айтып
бір топ мүгедек қала әкімінің қабылдауына келді. Болат Бақауов бастаған
шенеуніктер жағдайды тыңдап, мәселені қайта зерттеуге уәде берді. Бүгінде
Павлодарда 8 инватакси жұмыс істейді. Арнайы көтергіш оның бесеуінде ғана бар.
Мемлекеттік тапсырысты ұтып алған алматылық фирма мамырдың 4-нен бері қызмет
көрсетуде. Әуелде кемшіліктер болғанын биліктегілер де жасырмайды. Алайда,
шағымнан кейін бұл олқылықтар жойылып, қазір инватаксилер талапқа сай жұмыс
істеуде деп отыр.
Қайрат Нұрмағамбетов, Павлодар
қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:
Күнде-күнде мониторинг жасап
жатырмыз. Күнде акт жасаймыз. Қол қойдырып аламыз мүгедектерден. Сіздің
претензияңыз бар ма, жоқ па деген сияқты. 120 адамнан сұрадық, соның 95 пайызы
қазіргі инватаксимен көңілдері толады.
Әсем МҰХИТОВА