Индонезиядағы C-130 Hercules әскери-көліктік ұшағының апатынан 91 адам қаза тапты

  • AstanaTV
  • 01 шілде 2015

Индонезиядағы C-130 Hercules әскери-көліктік ұшағының апатынан 91 адам қаза тапты. Бұған дейін жазым болғандардың саны 140 адамнан асты деген ақпарат шыққан еді. Алайда Индонезия әскери әуе күштерінің бас командирі Агус Суприятна мұны жоққа шығарды. Мәйіттер апат орын алған жерден, яғни Суматра аралындағы Медан қаласында шағын аудандардың бірінен табылып жатыр. Әскерилер әуе кемесінде қанша жолаушы болғанын әлі де анықтау үстінде.Соңғы мәліметтерге сай ұшақ бортында 122 адам болған. Олар әскерилер мен олардың отбасы мүшелері. Индонезия президенті Джоко Видодо әскери әуе күштерінің әуефлотын жіті тексереміз деп уәде етті. Рейтерстің хабарлауынша,Индонезия президент Джоко Видодо бұл жайлы кеше кешкісін твиттердегі парақшасында жазған. Құлаған ұшақ 1964 жылы құрастырылған. Айта өтейік, C-130 Hercules Медан қаласындағы тұрғын үйлер мен мейманхананың үстіне құлап, бірден жанып кетті. Апаттың нақты себептері әлі белгісіз.

Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА