Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы облысында ветеринарлар ауру малды саудалады деген күдік бар

  • AstanaTV
  • 02 шілде 2015
  • 1972

Алматы облысында ветеринарлар бруцеллезге шалдыққан малды қалаға әкеліп саудалады деген күдік бар. Шопандардың айтуынша, сезіктілер Райымбек ауданынан 70 бас қойды ет комбинатына әкелдік деген, алайда іс жүзінде етті жеке адамдарға сатқан. Мұндай деректі мал дәрігерлерінің ізіне түскен шопандардың өздері анықтап, құзырлы органдарға шағымданды. Сондай-ақ ауыл халқы ұйымдасқан әлдебір топ, ауру малдарды Алматыға әкеліп сатуды, «кәсіпке» айналдырған ба, - деп күдіктенеді.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Ауылдан «мал дауының» шығуына себепші азамат - осы. Мамыр айында Қайнар ауылының мал дәрігерлері, Асхаттың қойларынан қан алып, 44 бастан «бруцеллез» белгісі табылды деген шешімге келеді. Шопан, «ауру» деген малдарды қарсылықсыз бөліп берген. Бірақ дәрігерлердің әрекетінен секем алған мал иесі, қалаға ағасын бірге жібереді. Ауру қойларды қаладағы ет комбинатына әкеліп түсіреді. Бірақ ертесі күні ол жерден малды таппай қалған.

Асхат Сүлейменов, шопан:

Мына қойларды содан кейін барып, Алматыдағы ет комбинатының жанында түріктерге сатқан. Бұрын осындай жағдайдан күдігім болған соң, осы жолы артынан арнайы аңдыдым. Сонда ауру қойды сатып жіберетініне көз жеткіздім.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

 Қой иесі дереу ветеринарлық инспекция мамандарына шағымданады. Көп ұзамай оның отары Алматы маңындағы Ақбастау ауылынан табылған. Мұның бәрін шопандар бейнекамераға түсіріп алған. Өзін Азат Бекболатов деп таныстырған бейтаныс біреу қойларды Райымбек ауданынан келген мал дәрігерлерінен 2 мың теңгеден сатып алдым депті.

Үсен Албанов, Алматы облысы, Райымбек аудандық ветеринарлық инспекция басшысы:

Азат Бекболатов деген азаматты тауып алдық та, үшеуміз Аухадиевпен сөйлестік. Ол жерге мал бармаған. Негізі меморандумға отырған жер Талдықорған болатын. Бұл жерде маршрут та бұзылып тұр. Инспекция тарапынан Алматыға мал басудан біз хабарсыз болдық.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Аудан орталығынан шыққан мал дәрігерлері неге бағытынан жаңылды, - деген заңды сұрақ туындайды. Инспекция мамандарынан малды жасырып, Алматыға тартып отырған көліктің мемлекеттік тіркеу номері де жоқ. Аудандағы науқас малды ет комбинатына тасымалдауға жауапты ветеринарлық бекеттің басшысы бұл іске қатысым жоқ деп отыр. Бірақ осы істі тапсырған орынбасарын жұмыстан босатыпты.

Руслан Мәсенов, Алматы облысы Райымбек аудандық ветеринарлық станция басшысы:

Сіз былай түсініңіз, мен онда шу болып жатқанында, шу болып жатпағаныныда шаруам жоқ. Менің алдымда әне қағаз жатыр. Көрсетіп тұрмын ғой.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Қайнар ауылындағы Тұрсынбек Молданиязов та жақында 60 бас қойынан айырылған. Отарындағы 121 қойды «бруцеллез» деген сылтаумен мал дәрігерлері басып әкетіпті. Алайда бір жарым айдан бері қолына не құжат, не өтемақы алмаған.

Тұрсынбек Молданиязов, шопан:

Егер ауру болса, алып кетіңдер, - дедім. Мен олармен қарсыласқан жоқпын. Сосын былықтары болған соң малды қайта тексерткем ғой. Сөйтсем осылай болып шықты. Осыдан кейін Үкіметтің сенімді адамдарына қалай сенемін. Менің күдіктенетінім, үш жылдан бері машиналарына транзит номер тағып алып, мал тасымалдайды екен. Неге номерсіз жүк көлігімен мал тасып жүр?!

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Асхат табылған малды ауылға әкеліп, жеке бағып отыр. Екі шопан да Алматыдағы ветеринарлық институтта қойларына тәуелсіз сараптама жасатып ауру еместігін анықтады. Ал аудандық прокуратура алаяқтық және ветеринарлық ережелердің бұзылуы дерегі бойынша қозғалған екі бірдей қылмыстық істі қадағалауға алған.

Талғат Төлегенов, Алматы облысы Райымбек ауданы прокурорының орынбасары:

 Арызшылар бізге айтады: біздің ауырмаған малды ветврачтар ауырған деп алып кетіп жатыр, - дейді. Енді мұны дәлелдеу керек. Лабораторияның да қорытындысы бар. Арызшылар онымен келіспесе, тәуелсіз сараптама жасатуға өз құқықтары бар.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Жәбірленушілер бұл қылмыстың беті аудан деңгейінде ашылмаса, облыс, республикалық сатыдағы құзырлы органдарға шағымданбақшы. Ал ветинспекция мамандары қасарысқан шопандарды сотқа беріп, малдарды тартып алуға бекінген. Ал аудан әкімі де, облыстан келген шенеуніктер де, тараптарды татуластыра алмай кері қайтыпты.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ