Қостанайлық тасымалдаушылардың талап-арызынан кейін еліміз бойынша арнайы автоматтандырылған өлшеуіш құралдардың жұмысы тоқтатылды. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері хабарлады. Аймақ кәсіпкерлері арнайы өлшем құралының жүк көлігіне тиелген тауардың салмағын артық көрсететінін айтып отыр. Мәселен Ақмола облысындағы Атбасар және Қарағанды облысындағы Балқаш қалаларында орнатылған көлік бақылау жүйесінде артық салмақ көрсету фактілері анықталған. Салдарынан тасымалдаушы компания өкілдеріне 1 миллион 200 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлері тағы 36 кәсіпкерге қатысты хаттама толтырған. Бірақ қостанайлық қос кәсіпкер өлшегіш құралдың олқы тұсын сот арқылы дәлелдеп, жүктің көліктерге тасымалдау ережесіне сай тиелгенін дәлелдеп берді. Сөйтіп, қомақты айыппұл төлемейтін болды.
Самат Садуақасов, Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
Соттың кәсіпкерлер пайдасына шығарған шешімінен кейін Көлік комитеті еліміз бойынша 712 ұйығарымды кері қайтарып алды. Сондай-ақ Көлік прокуратурасының шығарған ұйғарымына сәйкес, арнайы автоматтандырылған өлшегіш құралдарының жұмысы республика бойынша тоқтатылды.
Заңғар САНАЙ