Ақтөбеде газ-поршеньді электр станциясы іске қосылды. Индустрияландыру картасы аясында салынып жатқан рельс-арқалық зауытының жанындағы жаңа қуат көзін өндіретін станса бүгін салтанатты түрде жұмысын бастады. Құны 400 млн АҚШ доллары болатын жобаға қаражаттың 60 пайызын «Қазақстан даму банкі» бөлген. Ақтөбеде электр энергиясы тапшылығы бүгінде шамамен 400 мегаватты құрайды. Қажетті энергия көршілес Ресейден тасымалдануда. Осыған орай, соңғы жылдары аймақта қуат көздерін өндіретін жергілікті кәсіпорындарды көптеп іске қосу қолға алынды. Солардың бірі - бүгін ашылған газ поршеньді электр станциясы.
Андрей Кузьмин, «Ақтөбе рельс-арқалығы зауыты» ЖШС бас директоры:
Бұл электр станциясы толықтай автоматтандырылған. Осы қуаттылыққа 9 жұмысшы жеткілікті. Электр станциясының орнатылған қуаттылығы 39,8 мегават. Бұл барлық агрегаттың біріге атқарған кездегі көрсеткіші. Әрқайсысы 10 мегаваттан қуат көзін бере алады.
Бұрын соңды аймақта газ-поршеньді электр станциясы болмаған. Сондықтан оның барлық қосалқы бөлшектері Финляндиядан алынды. 2013-ші жылдың қазан айында құрылысы басталған нысан биылғы жыл басынан бері әлденеше рет сынақтан өткен. Қызметінде мін жоқ деген мамандар нысанды іске қосуға рұқсат берді.
Ғали Исқалиев, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:
Бұл зауыт ең көп дегенде 32 мегаватт тұтынады деген болжам бар. Бірақ орташа есеппен 18-20 мегаватт қажет болады. Облыстың электр жүйесіне 20 мегаватт бөлінеді.
Индустриалды инновациялық даму бағдарламасы аясында салынып жатқан рельс-арқалық зауытының шығынын бұл электр станциясы айтарлықтай жеңілдетеді. Сонымен қатар бүгіннен бастап қосымша табыс көзін тауып отыр.
Думан Әубәкіров, «Қазақстан Даму Банкі» АҚ басқарушы директоры:
Банк үшін бұл жоба өте маңызды. Жаңағы айтқандай «Қазақстан Даму Банкі» жобаның сомасынан 60 пайызын беріп тыр. Қаржыландырып отыр бұл зауытты осы жылдың ІІІ-кварталының соңына дейін осы жобаның өзінің, рельс-арқалық зауытын эксплуатацияға қосуды ойлаймыз.
Нақтырақ айтқанда рельс-арқалық зауыты қыркүйек айында пайдалануға берілуі тиіс. Қазіргі таңда сынақ жұмыстары жүргізілуде. Жылына 430 тонна өнім беретін кәсіпорынның баламасы елімізде бұрын соңды болмаған. Бүгінгі күннің өзінде ресль-арқалық зауытының тауарларына қызығушылық танытып отырғандар аз емес.
Мансұр ЕСХОЖИН