Ертең елордада ««Астана жұлдызы» үшінші ұлттық музыка бәйгесі» өтеді. Биыл атаулы шара Бейбітшілік және Келісім сарайында өтпек. Осы күні ең үздік отандық өнерпаздар марапатталады. Бәйге басталар алдында орындаушылар мен музыканттар әдеттегідей «қызыл кілеммен» жүру ілтипатына бөленеді. Астана арнасының түсіру тобы да бүгін ұлттық бәйгенің соңғы әзірлік жұмыстарын көрді. Думанды шараның шынымен де қызықты боларына көз жеткізді. Таң атпастан Бейбітшілік және Келісім сарайының сахнасында қарбалас. Соңғы бірнеше күнде ұйымдастырушылар мен әртістер осындай режимге бой үйретіп те үлгерген. Ертең бәрі бір демде өтуі үшін қара терге түскенін жасырмайды.
Бейбіт Құшқалиев, әнші:
Мен шынымды айтсам, сағат қазір 4 болып жатыр. Мен сағат 11-де келгенмін. Содан бері екі сағат дайындалдық. Сапа керек болған үшін ұзақ уақытты талап етеді.
Режиссерлер, жарық қоюшылар, костюмер, әрлеушілер бәрі бір кісідей үлкен бір команда құрамында соңғы әзірлік жұмыстарын пысықтауда. Бишілер де әбден шаршағанына қарамастан репетицияны үзбей, қимылды шыңдап жатыр. Мега жоба мінсіз өтуі керек дейді бас ұйымдастырушы.
Динара Адам, «Adam Media Group» компаниясының директоры:
Барлығы жұмыс жоспарымызға сай. Марапаттаудан үлкен үміт күтудеміз. Биыл жаңа леп сезілетіні анық. Бұрын болмаған дүниелерді енгіздік. Әрине қобалжу бар. Десе де әрбір элементті мың реттен қайталап, қызу дайындықтамыз.
Биылғы бәйге өзгерек болары сөзсіз. Ұйымдастырушылар шетелден де арнайы режиссер шақыртқан. Евгений Тимохин ірі халықаралық шараларды өткізіп, әлемдік шоу-бизнес өкілдері арасында танылған маман. «Астана жұлдызын» өткізу үшін креативті режиссер, Еуропа мен Азия элементтерінің синтезін жасамақ ниетте.
Евгений Тимохин, «Астана жұлдызы» Ұлттық музыка бәйгесінің» режиссері:
Көптеген адамдар еңбек етіп жатыр, олардың әрбірі біз үшін маңызды. Үлкен команда болып үлкен мереке жасауға барымызды салып жатырмыз. Мереке деп айтуға толық негіз бар. Өздеріңіз де көз жеткізерсіздер!
Айта өтейік, қала тұрғындары бәйге басталмас бұрын 17.00-де қазақстандық музыка, шоу-бизнес және кино саласындағы танымал тұлғалардың қызыл кілеммен жүріп өткенін тегін тамашалу мүмкіндігіне ие. Ал, рәсімді бастан аяқ «Астана» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Ильхам Ибрагим, «Астана» телеарнасы арнайы жобалар бөлімінің бастығы:
Үш жылдан бері Астана телеарнасы «Астана жұлдызы» ұлттық музыка бәйгесін эфирден көрсетіп келеді. Толық нұсқасын және бас ақпараттық демеуші ретінде. Биыл тікелей эфирде көрсетеді, бастан аяқ. Сағат 18-00 де қызыл кілемді көрсетеміз, қызыл кілемнен қазақ эстрадасының бүкіл жұлдыздары өтеді.
Беделді музыкалық жарыстың бастамашысы - Астана қаласының әкімдігі. Ал, марапаттау рәсімін ұйымдастыру жұмысын «Adam Media Group» компаниясы қолға алған. Жалпы осы жылғы бәйге 12 номинация бойынша өтеді. 100 кәсіби маманнан тұратын әділ қазылар: Жаңа тыныс , Жыл әні, Жігіттер және Қыздар арасындағы үздік орындаушыны, Үздік жігіттер және үздік қыздар тобын анықтайды. Сондай-ақ, Үздік дуэт, Үздік композитор, Үздік мәтін авторы , Үздік өңдеуші , Үздік клипмейкер мен Үздік жеке концерт аталымдары да бар. айта өтейік, Бәйгенің өткен жылдардағы жеңімпаздар қатарында: Роза Рымбаева, «МузАрт», «Ұлытау», «Musicola», сынды танымал өнер жұлдыздары бар. Сондықтан шара қызықты әрі әділ болары анық.
Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА