Дәл осы минуттарда Астананың сол жақ жағалауында «Астана Арт Фест» халықаралық көрмесі жұмысын бастады. Елорда күні қарсаңында ұйымдастырылып отырған фестивальде әлемнің тоғыз мемлекетінен келген дизайнерлер болашақ ЭКСПО 2017 халықаралық көрмесінің басты тақырыбы - келешек энергиясы тақырыбында өз ойларын көпшілік назарына ұсынуда. Көрменің бағасын алғашқы болып Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев берді.
Азамат Алдоңғаров, тілші:
Қала күні қарсаңында әлемнің белгілі арт-дизайнерлері астаналықтар мен қала қонақтарына керемет көңіл- күй сыйлауда. Төртінші шілдеден меймандарға есігін айқара ашқан қалашық - заманауи өнердің ордасына айналды. Көрмеге қатысушылар шығармашылық қиялдарын табиғаттың өз тілімен - су, жел және күн қуатымен бейнелеп жатыр. Фестиваль Астана ЭКСПО - 2017 көрмесінің тақырыбымен үндес. Бір сөзбен, «Астана АРТ Фест» көрмесі - ЭКСПО-2017 алдында ойға ой қосу, білгенмен бөлісу, дайындық фестивалі.
Нұртас Досанов, «Астана арт фест» Халықаралық көрмесінің қатысушысы:
Қастеев атындағы өнер музейінің инновациялық көрмелерін көрсетіп жатырмыз.
Заманауи өнер үлгілері мен технологиялар көрмесінің жоғары бағасын күні кеше Нұрсұлтан Назарбаев берді. Бұл жерде Италия, Франция, Германия, Нидерланды, Испания, Ресей, АҚШ және көрме қожайыны Қазақстан дизайнерлерінің шығармалары бар. Көрме қалашығында әлемдік дизайнерлердің шеберлік сыныптары және театрландырылған қойылымдар да қойылуда. Олардың да тақырыбы бір - болашақтың балама энергия көздері.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ