Астанада «Бөрілі Байрақ» атты республикалық айтыс мәресіне жетті. Азулы ақындардың басын қосқан айтыс «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Астана күніне орай өткізілген. Екі күнге созылған сөз сайысында 16 айтыскер бақ сынады. Атап айтқанда, көпшілікке кеңінен танымал Серікзат Дүйсенғазы, Айбек Қалиев, Ринат Зайытов секілді айтыскер ақындар бақ сынасты.
Елдік сананы ұлықтаған айтыс шарасы байрақты тарихымыз бен ежелгі хандықтардан мирас болған саяси сабақтастықты жырлауға, сол арқылы жас ұрпақты ерлікке, отансүйгіштік қасиеттерге тәрбиелеуге арналды. Айтыс жеңімпаздарын марапаттау сәтінде сөз сөйлеген «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек осыны кеңінен айта келе, партияның Саяси доктринасында ұлттық мәдениет пен дәстүрді дамытуға стратегиялық тұрғыда мән берілгенін атап өтті.
Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
Елбасы бірінші жылдардан бастап төл мәдениетіміз, дініміз, тіліміз, руханиятымыз деп айтып келе жатыр. Осындай саясаттың арқасында біздің экономикамыз дамып, осындай керемет, жақсы фестивальдарды, айтысты қолдап өнерді көтеріп жатырмыз. Бірлік, тұрақтылық, келісім болса, болашақта біздің еліміз одан да керемет биіктерге жетеді.
Партияның қолдау білдіруімен өткен жылы оннан астам халықаралық және республикалық деңгейдегі ақындар айтысы ұйымдастырылған. Ал жыл басынан бергі уақытта алты айтыс өткізілді. Оның қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Береке мен бірліктің жерұйығы» атты халықаралық ақындар айтысы бар. Атырау қаласында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс!» атты республикалық ақындар айтысы да әлі ел аузында.
Астанада ашық алаңда өткен айтыс - өз алдына бір төбе. Осы орақ тілді ақындардың тартысында бірінші орынды Иран-Ғайып Күзембаев, екінші орынды Қалижан Білдәшев пен Айбек Қалиев, үшінші орында Серікзат Дүйсенғазы және Ершат Қайболдин, бас жүлдені Ринат Зайытов жеңіп алды.
Ринат Зайытов, айтыскер ақын:
Қуантып қаумалаған қарашаны, екі күн жасай білдік тамашаны, ақындармен «Нұр Отан» бірге болса, қазақтың жаман болмас болашағы.
Жүрсін Ерман, «Айтыс ақындар мен жыршы-термешілер» одағының басқарма төрағасы, қоғам қайраткері, ақын:
Мынау Астана күні, Қазақ хандығының 550 жылдығына және Елбасымыздың, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 75 жылдығына арналған бұл айтыс бір шырайлы, жайдарлы айтыс болды. Әркім өз шамасынша Тәуелсіздігімізді, Қазақ хандығының 500 жылдығын, Астананамыздың әдемі келбетін, оның орнын, елдің жүрегі екенін, Елбасымыздың кемеңгер тұлғасын шама шарқынша ақындық тілмен өрнектеп, суреттеп құлағымыздың құрышын қандырды. Мыңда бір рахмет ақындарға, үмітті ақтадыңдар.
Берік ХАСЕНОВ