Азаматтық авиация комитеті мен отандық әуе тасымалдаушылар ымыраға келе алар емес. Оған себеп, комитет 2016 жылдың бірінші қаңтарынан әуе тасымалдаушыларға IOSA халықаралық сертификатын міндеттеп, оны алып үлгермеген тасымалдаушылардың қара тізімін де жариялап қойды. Жеке компаниялар болса, қызмет түрін қауіпсіз етуі тиіс талаптың ішкі тасымалмен айналысатын компаниялар үшін міндетті емес екендігін айтып, дабыл қақты. Азамат Алдоңғаров тарқатады.
Азаматтық авиацияның жаңа жылдағы жаңа талабына бірінші болып қарсылық танытқан «Бек Эйр» әуе компаниясы. Тасымалдаушы қазір тек ішкі тасымалмен айналысады. Компания басшылығының сөзінше, бұл қызмет түрі үшін аталмыш рұқсаттың қажеті шамалы. Ал егер де жаңа талапты міндетті түрде енгізу қажет болса, тәртіп бәріне бірдей болуы тиіс,- дейді Нұрлан Жұмасұлтанов.
Нұрлан Жұмасұлтанов, «Бек Эйр» әуе компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы:
Бұл талаптарды ешкім жаман деп отырған жоқ. Егер шынымен қабылдау қажет болса, онда заңдастырып ұлттық талаптар тізіміне енгізейік. Сонда бұл сертификат барлығына бірдей шарт болады. Тұрақты тасымалмен айналысатын компаниялардың жолаушыларының қауіпсіздігіне алаңдап, неге чартерлерік рейспен қатынайтындарды тасада қалдырасыңдар?
Азаматтық авиация комитетінің «қара» тізіміне Бек Эйрмен қатар Жезқазған Эйр және Жетісу әуе компаниясы енді. Инвестициялар және даму министрлігі таратқан мәлімдемеде, аталмыш тасымалдаушылар тиісті сертификатты алмаған күнде, олардың қызметін басқа әуе компаниялары жүзеге асырады делінген. Ішкі тасымалда 19 бағытқа қатынайтын «Бек Эйр» компанияның басшылығы IOSA сертификаты қымбатқа түсетінін айтады. Ал бір бағытқа ғана қатынайтын компаниялардың қалтасы тіпті көтермейтін сыңайлы.
Қалтай Дөнсебаев, «Жетісу» әуе компаниясының президенті:
IOSA - қоғамдық ұйым. Және ол барлық мемлекеттерде бірдей жүрмейді. Мысалы, әйгілі Қытай әуе компаниялары аталмыш сертификатпен халықаралық тасымалдар жасайды, ал ішкі рейстер үшін IOSA тексерісінен өтпейді. ИКАО халықаралық авиациялық ұйымы аталмыш сертификатты тек ұсыныс ретінде берсе, біздің азаматтық авиация комитеті оны шарт ретінде қабылдап отыр.
«Жетісу әуе» компаниясының азаматтық авиация комитетінен ішкі тасымалдарға алған рұқсаты осы жылдың қараша айына дейін жарамды көрінеді. Ал «Бек Эйр» басшылығы қызметін мүлдем тоқтатқысы жоқ. Ол ИКАО мемлекетаралық ұйымына мүше Қазақстанда қосымша IOSA сертификатының міндеттелуі қосарланған стандарт деген ойда. Бұл - ішкі тасымалмен айналысатын шағын компаниялар үшін артық, - дейді компания өкілі. Оның үстіне, талап бірінші қаңтардан бастау алғанымен, заңға енгізілген тиісті өзгерістер жоқ көрінеді.
Нұрлан Жұмасұлтанов, «Бек Эйр» әуе компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы:
Бұл жерде екі мәселе, не министрдің бұйрығына бағын, не заңға бағын. Кешіріңіз, бірақ заң сөзі басым. Сондықтан біз министр бұйрығымен емес, заңмен жүреміз.
Ал азаматтық авиация комитетінің жаңалығына «Эйр Астана», «SCAT» және «QazaqAir» әуе компаниялары қолдау білдіріп үлгерді. Алғашқы екі компания аталмыш сертификатты өткен жылы алып үлгерсе, жаңадан құрылған «QazaqAir» компаниясына IOSA рұқсатын алу үшін екі жылға жеңілдік берілген.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ