Сайлауға қатысып, өз даусын беру үшін әрбір қазақстандыққа жағдай жасалған. Сайлау учаскелеріне баруға мүмкіндігі жоқ азаматтардың үйіне жылжымалы дауыс беру жәшіктері жеткізілді. Ақтөбе облысындағы Алға ауданының Бестамақ ауылында болған әріптесім Мансұр Есқожин үйден дауыс беру процесіне куә болып қайтты.
Бестамақ ауылында 173-ші сайлау учаскесіне қарасты тұрғындардың 80 пайызға жуығы түске дейін дауыс беріп үлгерді. Мұндай ақпаратпен жергілікті сайлау комиссиясының төрағасы бөлісті. Азаматтардың таңдау жасау процесі елдегі заң талаптары бойынша өтіп жатқанын байқаушылар да атап өтті.
Жеңіс Төлепбергенов, байқаушы:
Халық қатысушылары жаман емес. Белсенді қатысып жатыр. Қазір заңдылық сақталған, құқық бұзушылық жоқ, барлығы жақсы өтіп жатыр.
Сайлау учаскесіне бірінші болып келген және өмірінде тұңғыш рет дауыс берген азаматтарға естелік сыйлықтар тарту етілді Ал учаскеге келе алмаған азаматтардың да дауыс беруіне жағдай жасалыпты. Олардың үйлеріне жылжымалы жәшіктер жіберілген.
Мансұр Есқожин, тілші:
Нөмірі 173-ші сайлау учаскесінің қозғалмалы дауыс беру жәшігіне осыдан бір апта бұрын өтініш келіп түсе бастаған. Соның алғашқы Данағұл Айназаров қариядан түскен. Дәл қазір сол ақсақалдың үйіне бет алып барамыз.
Мына денсаулығыңызға байланысты және арыз беруіңізге байланысты үйге келіп дауыс алуға жағдай жасап отырмыз.
Жасы 70-ке келген Данағұл Айназаров саяси науқанға атсалысу азаматтық борышым,- дейді. Кеңес кезеңінен бері мал дәрігері болып еңбек еткен қария дұрыс жасаған таңдау айқын болашақтың кепілі боларына сенеді.
Данағұл Айназаров, зейнеткер:
Мен өзім уақытында әрдайым сайлау комиссиясының төрағасы болатынмын. Сайлауды білемін. Сайлаудың ішіндегі құжаттарды. Бұл да бір қоғамның үлкен шаруасы ғой. Сол үшін таңдаймыз біз таңдайтын адамдарды.
Облыстағы 526 сайлау учаскесінің барлығында жылжымалы дауыс беру жәшігі бар. Негізінен олардың көмегіне мүмкіндігі шектеулі жандар, жүріп-тұруы қиындаған қариялар жүгінуде.
Мансұр ЕСҚОЖИН