Қарашығанақ кенішінде жұмысшылар жаппай уланып қалды

  • AstanaTV
  • 04 мамыр 2016
  • 1459

Қарашығанақ кенішінде жұмысшылардың жаппай улану дерегі тіркелген. Оларға «өткір ішек инфекциясы» деген диагноз қойылып отыр. Дәрігерлердің алдын ала болжамы осылай. Қазір асханадағы тамақ өнімдерінен тиісті сынамалар алынды.

Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Алтын Орынғалиева айтты. Департаменттің дерегінше, жұмысшылар мамырдың 2-сі күні асханадан тамақтанған. Соның артынша бірнеше адам өзін жайсыз сезінгенін айтып шағымданған. Кешкі сағат бестер шамасында Бөрлі аудандық ауруханасына 22 жұмысшы жеткізілді. Оның 8-і дәрігерлік тексеруден соң үйіне қайтарылған. Өзгелері ауруханада ем қабылдап жатыр.

Алтын Орынғалиева, БҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары:

Ешқандай асқыну түрлері болған жоқ. Эпидемиологиялық зерттеулер одан әрі жүргізілуде. Сынамаға тамақ өнімдері, су өнімдері алынып, бақылаудан өткізілуде. Жағдайлары бірқалыпты, бүгінгі таңда бес ауру ауруханадан шығарылды. Өте күрделі жағдайдағы аурулар тіркелген жоқ.

Еркін КАРИН