Қызылордалық шебер «ЭКСПО-2017» көрмесіне жолдама жеңіп алуға ниетті. Нәзипа Сарымсақова пластиктен пингвин, торай секілді мультфильм кейіпкерлерін жасайды. Осындай тамаша бұйымдармен ол шетелдік туристерді таң қалдырмақ.
Бұл үйге келушілер қатары ешбір үзілмейді. Солардың бірі Фируза Тойқожақызы аптасына бір рет келіп, нағыз өнер ордасынан сусындап кететінін айтады. Бүгінгі таңдауым сакура бұтағына түсті дейді ол.
Фируза Тойқожақызы, Қызылорда қаласының тұрғыны:
Мен осында келіп, бір бау-бақшаға түскендей болдым. Әдемілік, сәндік, нәзіктік көрініп тұр. Осы бір гүлді өзіме ерекше көрдім. Үйге келген адамдарға жақсы көңіл-күй келтіру үшін, үйге апарғым келіп отыр.
Кәдімгі пластик бөтелкені керемет дүниеге айналдыру туралы ой Нәзипаға аяқ-асты пайда болған. Үшінші топтағы мүгедек немерелерімен серуендеп жүріп, қоқыста өртеніп жатқан пластик ыдысты көреді. Ол еріген кезде таңқаларлық түске боялады екен. Көп ұзамай Нәзипа алғашқы бұйымдарын жасайды. Мына мултьфильм кейіпкерлерінің аулаға көрік беріп тұрғанына екі жыл болған. Бірте-бірте бұл үй гүл оранжереясына айналды.
Нәзипа Сарымсақова, шебер:
Қажетті құралдың бәрі қол астында. Көніл - көтеріңкі, табыс көзі бар, қарап отырмаймыз, денеге - тірлік. Әрі өзіннен кейнгі бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны жасайды. Мен ойлаймын, әрі қарай балаларым алып кете алады.
Раушан, қызғалдақ, нәркес, бәйшешек, түймедақ пен інжугүлдер. Бұлардың тірі гүлдерден еш айырмасы жоқ. Ұзақ мерзімге шыдайтын керемет бұйымдарға тапсырыс күннен күнге артып келеді. Бүгін пластиктен жасалған гүлдер, ертегі кейіпкерлері мен пальмалар қаладағы бірнеше балабақшаның ауласын жайнатып тұр. Нәзипа мұны отбасылық бизнес көзіне айналдыруды жоспарлайды. Құрбысы, балалары мен немерелері де бұл жобаны қолдайды. Ендігі ойы облыстық халық шеберлерінің байқауында жоғары ұпай жинап, ЭКСПО-ға жолдама ұтып алу.
Шарипа САҚТАПОВА