Павлодарлық прокурорлар қала аумағынан дәрі-дәрмек пен мал өлекселері жиналған қоқыс алаңын тапты

  • AstanaTV
  • 30 мамыр 2016

Керекулік прокурорлар қала аумағынан дәрі-дәрмек пен мал өлекселері жиналған қоқыс алаңдарын әшкереледі. Қадағалау органы өкілдерінің сөзінше, анықталған заңсыз нысанның аумағы 60 гектардың шамасында. Қызығы сол, бұл жайлы жергілікті билік те, құқық қорғау қызметкерлері де бейхабар болып шықты. Әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы ретсіз күл-қоқыс алаңдарын өз көзімен көріп қайтты.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Табиғи қорғалатын аумақ бүгінде кәдімгі күл-қоқыс алаңына айналған. Байқағанымыздай, бұл жерден құрылыс және тұрмыстық қалдықтармен қоса, ірі қара малдың өлекселерін кездестіруге болады. Қасымдағы мына шіріп жатқан жылқы малының жемтігіне қарап, оның бұл жерде көптен бері жатқанын түсіну қиын емес.

Прокурорлардың дерегінше, бұл аумақ орман және жануарлар әлемін қорғау мемлекеттік мекемесіне тиесілі. Атауынан-ақ оның санитарлық ахуалының қандай деңгейде болу керегін түсіну қиын емес. Дегенмен, мұндағы 25 гектар жер тау боп үйілген қоқыстан көз ашпай тұр. Жағымсыз иіс мұрынды жарады. Үйінділердің арасында шашылып жатқан мал сүйектері, полиэтилен дорбалар, шыны кесектер, пластик құтылар, тіпті мерзімі өтіп кеткен дәрі-дәрмектер де бар.

Ержан Бөлегенов, Павлодар қаласының прокуроры:

Жер телімдері 2001 жылы жалға берілген. Біздің тексеру үш кәсіпорынды анықтады. Олар аумақтан құрылысқа қажет құмды тасып алған. Біреуінің арендалық мерзімі аяқталыпты. Алайда, қалалық жер қатынастары бөлімі телімді қайтарып алу жұмыстарын жүргізбеген. Салдарынан аумақ иесіз, бос жатыр. 

Прокурордың айтып тұрғаны - Павлодардың шығыс бөлігіндегі мына аумақ. 70 гектар алаңның тең жартысы бүгінгі таңда қалдықтар ошағына айналған. Үйілген құрылыс материалдары бір жылда емес, жылдар бойы қордалағаны анық,-дейді құзырлы орган өкілдері. Тіпті, көліктердің келіп-кетуінен соқпақ жол да пайда болған. Бүгінде бұл мәселеге ішкі істер департаменті ден қойды. Жергілікті полиция қызметі патрульдеу ұйымдастырып, жауапсыз азаматтарды анықтауға кіріскен. Ұсталған жағдайда оларға 10-нан 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынбақ.

Баян Мағзұмова, Павлодар облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

Бұрын заңсыз шығарылған қоқыстың иелеріне ешқандай шара қолдана алмаймыз. Өйткені ол болып кеткен нәрсе. Ол кісілерді табу өте қиынға түседі.

Прокурорлық тексерістің қорытындысы жергілікті билікті әуре-сарсаңға салды. Әкімдік көз алдында пайда болған заңсыз қоқыс алаңы жайлы білмегендерін айтады. Сондықтан оны жою жұмыстары арнайы хат түскеннен кейін ғана басталмақ.

Асқар Ғазизов, Павлодар қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы:

Бүгінгі күнге дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің атына прокуратурадан қала аумақтарынан қоқыс шығару қажеттігі туралы ешқандай ұйғарым келіп түскен жоқ. Осындай ұйғарым түскен жағдайда бірден шара қолданатын болады.

Ретсіз қоқыс алаңдары - эпидемиялық қауіп. Әсіресе органикалық емес заттар,- деген пікірде экологтар. Өздігінен бүлінбейтін қалдықтар, мәселен, шыны, түрлі-түсті бояулар, медициналық препараттар - химиялық зат. Олар бірден топырақ пен ауаға тарайды. Ал, мал өлекселері биологиялық ластану болып табылады. Табиғат жанашырларының айтуынша, бұлардың қай-қайсысы қоршаған ортаға зиянды. Павлодар қаласында тұрмыстық қалдықтарға арналған жалғыз ресми полигон бар. Ішкі істер департаменті берген ақпарға сәйкес, жыл басынан бері 79 ретсіз қоқыс шығару орны анықталып, жойылған және 4 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ