Русский Сайттың толық нұсқасы

Алаяқ құрылыс компанияларының жұмысына көз жұмған мемлекеттік органдар жауапқа тартылады

  • AstanaTV
  • 13 қазан 2016
  • 2054

Үлескерлердің 42 миллион долларын қалтасына басып, Австрияда бой тасалап жүрген «Азбука жилья» құрылыс компаниясының басшысы елге қайтарылмақ. Бас прокуратура ел билігімен келіссөздер жүргізіп жатыр.

Бұл туралы үлескерлер мәселесіне арналған Бас прокуратураның алқа отырысында айтылды. Жақып Асановтың айтуынша, астаналық үлескерлердің 70 пайызы осы «Азбука Жилья» құрылыс компаниясына ақша құйған. Отырысқа қатысқан Мәжіліс депутаты Владислав Косарев олардың заңсыз кәсібіне жол берген мемлекеттік орган қызметкерлерін де жазаға тартуды ұсынды. Бас прокурордың сөзіне сенсек, енді бұл сұрақ құқық қорғау органдарының маңызды міндетіне айналады.

Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры:

Сіздің суалыңызбен толық келісемін. Ерік Абдрахымұлы, Рашид Тауфықұлы, сөзсіз шұғыл тапсырмалар бар, және маңызды міндеттер бар. Шұғыл шешілуі тиіс мәселе - ол алданған үлескерлердің проблемасы. Ал маңызды міндет - бар тәуекелдерді біле тұра, сезе тұра, ешқандай шара қолданбаған мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлерін анықтау.

Асановтың сөзінше, үлескерлер проблемасының туындауында құқық қорғау органдарының да кінәсы бар. Прокурор бұдан былай халық жем болмас үшін өз атынан халыққа үндеу салды. Онда азаматтарға құқықтық кеңестер береді. Бас прокуратура екі апта ішінде тағы жаңа бір жобаны іске асырмақ. Ол «Прокурордан 100 кеңес» мобильді қосымшасы.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ