Русский Сайттың толық нұсқасы

Дөп сөз

  • AstanaTV
  • 22 қазан 2016
  • 4426

Саламат Омаш жүргізетін «Дөп сөз» айдарының кейіпкері «Жегіш шенеунікті көргенде ішкіш сапқоз деректірін сағынады екенсің»,- деп жазатын Ержан Тәліп есімді азамат.

Біз өткен аптада Дәулет Серікбайдың жазбаларын бердік. Фейсбукта жақсы талқыланды. Ал Дәулеттің ерекше пікірі таусылмақ емес, ол шаршамай жазады:

Арқалығыма қайтайын."Таза  ауа" деген қоғамдық ұйым ашып, жұмыссыздардың басын біріктірсем бе деп отырмын. Ол ұйымды тіркетіп әуре болмаймын. Мұғалімдерді ғана мүше қылып,жұмыссыздарға жұмыс тауып беремін. Әлгі Телібеков деген "Мұсылмандар Одағы" деген ұйым ашып, тіркетпей-ақ сөйлеп жүр ғой.

Дәулеттің «Таза ауа»  қоғамдық ұйымын құрам дегені аты бар да, заты жоқ, немесе ішкі мазмұннан жұрдай партияларды еске түсіреді... Торғай тұрғынының  «теледидарға шықтым» деген жазбасына 200-ден аса пікір жазылыпты. Бізге ұнағаны мынау болды:

Бүгінгі шаруам телемастерге теледидарды жөндету болды. Балалар көршілерден баспалдақ сұрап, телемастерді келін күткендей далада жүрдік, сабылып. Дәукештің сұхбаты себеп болып, ойда жоқта теледидар жөнделіп қалды.

«Ел болам десең экраныңды түзе» дейміз қазір. Бүгін ешкім бесікте бала тербетпейтін болған ғой.

Қазіргі қоғамда байды еңбекқор деп, қалт-құлт күн кешіп отырған кедейлерді жалқау деп айыптайтын үрдіс қалыптасып кетті. Сонда 25 мың айлықпен мектептің еденін жуып, бала-шағасын асырап отырған жалғыз басты ана жалқау да, джип мініп, фуагра жеген бай-бағланның «оғланы» еңбекқор ма?

Бұны жазған Ержан Тәліп деген қазақ. Отырарда туған. Жазғыштың мамандығы қандай дейсіз ғой? Информатика пәнінің мұғалімі.

Ержан Тәліп:

Басыма келген ойды фейсбукка жазам да көпшіліктің талқысына тастай салам. 57- Кез-келген жамандықтың жақсы жағы боларына сенем. Үмітімді үзбеймін.

Осы байғұс ақпарат сайттары біздің ештеңеге таң қалып жаға ұстамайтын, жүрегіміз елжіремейтін, ештеңеге дүр сілкінбейтін, жанымыз түршікпейтін, барлық нəрсеге етіміз өліп кеткен тасжүрек екенімізді білмейді-ау деймін?..

«Мен идея іздемеймін. Мені идея өзі іздеп келетін секілді. Шын айтамын». Бұл менің сөзім емес, Ержандікі. Тасжүрек демекші, қазір расында да адамды таңқалдыру қиын заман боп тұр.

Бүгін жүрек күні екен. Жүрегімнің төрттен үш бөлігі игерілмей бос жатыр. Қытайлықтар жаулап алмай тұрғанда тезірек өздерің игеруге асығыңдар, қыздар!

Иә, мәселені жер комиссиясы бүге-шігесіне дейін талқылап, ақыры мораторий жарияланды емес пе? Бірақ кім біледі, үй артында кісі бар деуші еді...

Бұрын бəріміз мұрттыны аңдып отыратын едік. Қазір ол бізді аңдып отырған шығар, ə? Дүние кезек деген осы, балалар!

...Комментарийсіз қалдырайық... «Журналист болу бала күнгі арманым болатын. Кітапқұмармын» дейді, Ержан. Иә, әлемдегі ең алып кітапханалардың бірі болған Отырардың тумасын басқаша елестету де қиын.

Ержан Тәліп:

Жаным сүйетін іс кітап оқу. Кітап оқығанда да өз-өзімді ұмытып, құлағымды бітеп алып , жатып оқығанды жаным сүйеді.

Атакентті Ильич, Ынтымақты əлі күнге Ленин деп атайтын, Дулати көшесін Карл Маркс, Қазыбек би көшесін Советский деп айтатын қазақтардың Есентаеваны аз уақытта Мақсатқызы деп тіл сындырғанына таңданып отырмын. Уот, қазақтар...

Біз, қазақтар, барлық жағынан қабілетті халықпыз ғой. Әсіресе, қу бас домалайтын той-томалақтарда.

Тойға биші қыздар ең алғаш шығып жатқан кезде ішінде градусы бар көкелеріміз от души сол қыздармен билеп алатын еді, иə? Ютубтың кесірінен ондай бақыттан құр қалып жүрміз. Видеоның кесірінен дастарханнан сарқыт та ала алмайтын болды апаларымыз. Тар шеңберге қамап қойған жаңа технология-ай?

Ат шығару қазір ең оңай нәрсе. Ол үшін жер өртемей-ақ, космосқа ұшпай-ақ, ортаның шаңын шығарып бір билесеңіз болды. Үйлерінде әлі күнге жарығы жоқ ауыл тұрғындарынан басқасының бәрі сізді ертесіне интернеттен немесе теледидардан танып үлгереді.

Тағы бір оқу жылы басталды. Е Құдайым, мектеп директорларына қанағат, бізге сабыр бере көр!

Мектеп директорлары «қанағат қарын тойдырар» деген сөзді білмейді емес, біледі. Бірақ, текст сатқандарына қарап, жұмысқа алу үшін еден жуушыға дейін «ставка» қойып қойғанын біліп отырып, қатты күмәнданасың. Иә, олардың да бастығы бар...

Ата-бабамыз 2 метр бойымен Қабанбай, Сабалақ, Көтібар еді. Біз 1,60 бойымызбен барлығымыз "Ұлы" боп кеттік.

Абылайдың түсін жорып отырып, соңында Бұқар жырау «Одан кейінгі тұқымың әлгі бақа-шаян, құрт-құмырсқа, жылан-кесірткедей майда­лана түс­пек» демеп пе еді. Естеріңізде шығар.

Қазақты құртатын үш жұт:

Тендер, гендер, жеңдер

Бозқырау түсті. Ауылда өнім қамбаланып жатыр. Малшылар күзекке көшті. Қала қыбыр-жыбыр. Қазанның майлы мезгілі. Ал сіз, құрметті көрермен, уақыт тауып жазып тұрыңыз. Көп сөз ұтпайды, дөп сөз ұтады!