Сирияның Ракка қаласы мен Ирактағы Мосул қаласының арасындағы үлкен аймақты жаулап алған ДАИШ содырлары жансауғалай бастады. Ракка азат етілгенде, 3 жыл басқыншылықта болған қала тұрғындары мәз-мейрам болып, шаттанды – қара жамылғысын сыпырып, эмоцияға берілген әйелдің видеосы комментарийді қажет етпейтін көрініс. Қала қирап, «қала» аты ғана қалса да, шексіз қуаныш – бостандық, адам жанының азаттығынан артық ешнәрсе жоқтығына да дәлел!
Ал Астанада Сирияға байланысты келіссөздердің кезекті раунды өткен. Жетінші келіссөзде кепілдегілер мен тұтқындарды босату, қаза тапқандардың мәйіттерін беру және із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру бойынша жұмысшы тобының ережесі бекітіледі деп жоспарланған. Ресейлік РИА Новости агенттігі Сирия қарулы оппозициясы делегациясының мүшесі Фатех Хассунге сілтеме жасап, тұтқындар туралы қорытынды құжатқа қатысты уағдаластық әзірге жасалмағанын хабарлаған. Сирия бейбіт келіссөзінің келесі раунды желтоқсанның екінші жартысына жоспарланған.
Сондай-ақ, осы аптада Нью-Йоркте теракт болды. 29 жастағы ұлты өзбек Сайфулло Саипов қазанның 31-інде Нью-Йоркте велосипед теуіп жүрген адамдар мен жаяу жүргіншілерді көлікпен таптаған. Сегіз адамның өмірін қиып, 12 адамды жарақаттаған ол, АҚШ-қа 2010 жылы виза лотереясын ұтып алып Өзбекстаннан көшіп барған. Досым Сәтбаевтың «Азаттыққа» берген пікірінше, Орталық Азияда радикалдану үрдісінің күшейіп бара жатуының бір себебі – «Орталық Азия елдерінің билігі заңды, либерал саяси оппозициямен күреспен қатты әуестеніп кетіп, тура иегінің астында радикал құрылымдар пайда болып, жастармен белсенді жұмыс істей бастағанын байқамай қалды». Бірақ сарапшы мұның өзге де бірқатар себептері болуы мүмкін екенін де айтқан.