Жұмысқа автобуспен қатынап, қарамағындағы шенеуніктерді де автобусқа отырғызып, «анықтаған проблемаларды шешеміз» деген Шымкент әкімі Ғабидолла Әбдірахимов қызметі ауысып, Астанаға кетті. Ал негізі, тұрғыны миллионға жақындаған /940 мың/, облыс орталығындағы қоғамдық көлікке байланысты проблема - көлік аз. Өте аз. Кейбір компаниялардың өз автобусы да жоқ, жалдайды. Сонымен бірге қаланың шет жағына көлік қатынамайды. Ығы-жығы халық тығылысқан ескі автобустар. Ал жоғары шенділер, өткен хабарда айтқанымыздай, қымбат көлік мінгенді норма деп қарайды. Айтпақшы, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі сол кезде мәлімет бермеген, жауапты адам іс-сапарда деп. Онда «эфирден «бермеді» дейміз» деген меншікті тілшіге баспасөз хатшысы: айтсаңыз, айта беріңіз деген. Бұл енді «Айта берсін» деген әннің концепциясына келмейтін жауап.
Шымкенттіктердің көңілін демейтін бір нәрсе бар. Ауа-райының жұмсақтығы. Олар қазан айының соңында да өзен-көлге түседі. Оған хабар соңында тоқталамыз. Қазір Айзада Төребекқызының Шымкенттің қоғамдық көлігі туралы репортажы.
- Жарты сағаттан асып кетті, № 70-ке мінуім керек. «Асар-2» мөлтек ауданына баруым керек, тұрмын осы жерде. Қазір мен барып, бірталай тірлікті бітіріп қоюға шамам жететін еді, тұрмын жарты сағаттан бері.
Шымкенттегі ел «Карл Маркс» атайтын аялдама, бұл. Шаһардың іргесіндегі «Қайнарбұлақ», «Достық», «Асар» және «Бозарық» сынды бірнеше шағын аудан тұрғындарының жолы түйісетін жері. Көлік мүлдем жоқ емес. Бірақ ...
Райхан Тасболатова, «Асар-2» шағын ауданының тұрғыны:
Үлкен кісілер тұр, қысылып, әбіржіп барады, баратын жерлеріне. Халықтың жағдайын істеу керек қой. Транспорт жылдам қатынау керек, кішкене пазик автобустар қатынайды. Оған ешкім сыймайды.
Қоғамдық көліктердің қатынау жиілігі сақтала бермейді. Жолаушылардың төзімін тауысатын мәселенің тағы бірі осы. Орталықтағыдай емес, кемі жарты сағат күтеді, жұрт. Бозарық тұрғындары да қала сыртынан қатынайтындықтан сыймай да қалып жатады.
Гүлнара Мұсабекова, «Бозарық» шағын ауданының тұрғыны:
№ 71 автобус, бір автобус жүреді ол жерге. Өте кішкентай, өте тар. Әсіресе осындай түскі мезгілде оқушылардың барып келуі, осының бәрі , таңертеңгілік уақытта адам деген аузы мұрнынан шығып ешқандай мүмкіндік болмайды. Сондықтан көп адам таксимен кетуге мәжбүр болады.
Қоғамдық көлік қатынасының жайы «Достық» шағын ауданында тұратындардың да бас ауруы. Мұнда орталықтан тікелей жүретіні жалғыз автобус - 17 Б. Сарылып күтіп, мен де мініп көрдім. Автобус ішінде түскі мезгіл болғандықтан ба, кісі қарасы аса көп болмады. Алайда таңғы және кешкі мезгілде барға қанағат демеске ылаж жоқ,- дейді тұрғындар. Расында, "Достық" шағын ауданының аумағы үлкейген. Халық саны да артып келеді. Бірақ қоғамдық көлік саны шектеулі.
Гүлжамал Ермекбайқызы, "Достық" ықшам ауданының тұрғыны:
Мен өзім автобуспен көп жүремін. Тығылыс болады көбінесе. Сәл жиілеп жүрсе. Тағы да басқа маршруттар ... Бұрын № 26 автобус жүруші еді, ол да қазір жүріп жатқан жоқ, бізге.
Мақпал Ақшаева, "Достық" ықшам ауданының тұрғыны:
«Пресс» боп жүреді ғой. Осы ауылдың ішіне кіргенде кішкене оңаша болады да, қалған кезде өмір бақи толып жүреді, бізде.
Шымкентке қарасты болғанымен автобус тікелей қатынамайтын ауылдар да бар. Олар қаланың бас жоспарына сай аудандардан қосылған елді-мекендер. Шенеуніктердің айтуынша, ол бағыттарға сұраныс жоқ көрінеді. Ал жаңа біз санамалаған бірқатар шағын ауданға жаңа жылға дейін әлеуметтік бағыттар қосылады,- дейді.
Жарқын Байдуллаев, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:
Жаңа автобустар қойылады. Шығынын мемлекет өтейтін болады, субсидиялайтын болады. Шығынын дәлелдейді. Мысалы, автобустар жүрмейтін жермен жүреді. Ол жерде халық болса да, болмаса да, кеш болса да жүреді. Қазір көптеген автобустар қоғамдық көліктер кеш батқаннан кейін сағат 19-20-ден кейін линиядан кетіп қалады. Неге десеңіз, біз есептедік, 30 компания болса, соның тең жартысы дерлік - он төртінде өзінің автобустары жоқ. Оның бәрі жалдамалы.
Шымкентте жолаушылар тасымалымен 30 компания айналысады.75 бағыт бойынша. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, 1146 қоғамдық көлік бар. Соның шамамен 750-і автобус. Өзгесі шағын автобустар. Расында, бұл тұрғыны миллионға жетіп қалған қала үшін аз. Барының өзі ескі. Бір күн жүріп екі күн тұратындай жағдайда. 750 автобустың 700-н жаңалау керек. Мұндай талап автопарк басшыларына жыл сайын қойылғанымен нәтиже жоқ. Себебін сұрап көрдік. 15 жылдан бері қоғамдық көлік жүргізетін Ерлан Жолдастың айтуынша, жаңа автобус алу, орындалмайтын қиял деуге болады.
Ерлан Жолдас, автобус жүргізушісі:
Жанармай құямын 10 мың теңгеге, күнделікті. Почти 6 мың теңге жолға ақша төлеймін жүргенім үшін. Одан кейін ақша жинайтын кондукторым бар, оған жалақы беремін. Сонда менің расходым 20 мың. Есептеңіз...шығаратын шығыным. Сонда қалатыны 5-6 мың теңге.Онымен жаңа автобус алу мүмкін емес. Менің алатын сайманыма да кейде жетпей қалады. Бір балонымның өзі 20 мың теңге тұрады.
Көлік компаниялары қожайындарының уәжі біреу - шығын ақталмайды. Айтуларынша, он жыл бұрын несиеге алған автобустардың артында әлі миллиондаған борыштары "бұрқырап" тұр. 8 компанияны біріктіретін «Оңтүстіктранс Құлагер» қауымдастығының төрағасы -не жолақыны көтеру керек, немесе мемлекет тарапынан субсидия берілуі керек, -дейді.
Нұрілдә Рахматуллаұлы, «Оңтүстіктранс Құлагер» қауымдастығының төрағасы:
Бүгінгі таңда солярка 158 теңге болып кетті. Біз осыдан екі жыл бұрын 70 теңгеге көтерген уақытта солярканың құны 87 теңге болатын. Қазір почти екі есе өтіп кетті. Бұрын 60 мыңға дейін әкелетін болсақ, қазір ол автобустарың 120 мың доллардың үстіне шығып кетті.
Ал жақында әкімдіктегі жауапты бөлім 7 компаниямен 7 бірдей бағыт бойынша келісім –шартты бұзу туралы ұсыныс енгізді. Бұл соңғы бір айда анықталған кемшіліктерге байланысты. Айтпақшы, бұл шенеуніктердің жаппай қоғамдық көлікпен қатынауынан соң енгізілген ұсыныс. Қаланың экс -әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қол астындағы қызметкерлерінің қызметтік көліктерін 1 айға тұраққа қаңтартқан етін. Автобусқа әкімнің өзі де отырды. Қызметіне автобуспен барып келген шенділер 200 -ден астам кемшілікті "көре біліпті".
Жарқын Байдуллаев, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:
Қазіргі таңда бір проблеманың бірі - келісім шартты бұзғанмен қайтадан конкурсқа қойғанда, қайтадан сол компаниялар келеді. Неге десеңіз, жаңа жоқтың қасы. Жоқ десек болады. Сондықтан бұл жерде келісім шартты бұзып, жаңа компания келеді дейтіндей, мақтанарлық жәйт жоқ. Сондықтан қазір басты алға қойып отырған мақсатымыз мемлекеттік автопарк ашу. Бюджеттен жаңа, сыйымды, экологиялық таза автобустарды ашу.
Бұдан бөлек жаңадан 11 бағыт ашылмақшы. Қазір жарнама берілген.
Айзада Төребекқызы, тілші:
Шенеуніктердің жаппай қоғамдық көліктерге отыруы нәтижесіз емес секілді. Қазір шаһар аялдамаларында мынадай жол жүру сызбалары іліне бастаған. Бұл жерде осы аялдамаға қандай автобустардың келетіні және қандай бағыттармен жүретіні сызып көрсетілген.
Қанат Керімбеков, Шымкент қаласының тұрғыны:
Өте керемет сызба деп ойлаймын.Тайға таңба басқандай. Керекті жерге таптырмайтын ақпарат, кәдімгідей көрініп тұр.
"Түбегейлі өзгертемін" деген Ғабидолла Әбдірахымов Астанаға кетіп бара жатып былай депті:
Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының бұрынғы әкімі :
Айтарлықтай өзгерістер осы қоғамдық көлік саласында 1 айдың төңрегінде белгілі болуы керек. Көзге көрінетіндей өзгерістер пайда болуы керек. Олар 1 аптадан кейін жаңа 100 автобус келеді, үлкен. Әр адам смартфонына қарап қай автобус қашан келетінін қарап отырады, үйінде отырып. Немесе аялдамада тұрып, сондай жасаймыз. Ол үшін автобустың бәріне қазір JPS қойғызып жатырмыз.
Тұрғындар шенділер мінетін қымбат көліктердің де бюджет қаржысына алынатынын біледі. Бірақ лақсасы шыққан автобуста сығылысып бара жататын жұрт әлі де сыпайы сұрайды. Үміттенеді...
Жасұлан Уәлихан, Шымкент қаласының тұрғыны:
Автобустар кешкі 11-ге дейін жүрсе деп ойлаймын өзім. Ол бәрімізге, мен сияқты жастардың бәріне қолайлы.
Бауыржан Салихан, Шымкент қаласының тұрыны:
Автобустарды кешкі сегізден кейін, тіпті кейбір маршруттарды жетіден кейін таппай қаламыз. Қаламыздың әкімі ауысқаннан кейін сол мәселе назардан тыс қалып қоймайды деген үміттемін.
Айзада Төребекқызы, Серік Талас «Біздің уақыт».