Қым-қуыт тіршілікте әкелердің қолы тимей жүретіні рас. «Бала-шағаны асырау керек» дейді. Бірақ әйелдер бос отырады деп кім айтты? Мәселе бір шаруадан екінші шаруаға ұласатын күн тәртібінің ішіне «баламен жарты сағат, қырық минут» графасын енгізуде шығар. Әйелін төмпештеп, қорлайтын, ішімдік ішетін, табыс таппайтын, қыдырып жүретін, тіпті балаларын тастап кеткенімен қоймай, алимент төлемейтін ...ездер туралы әңгіме бөлек. Бүгін біз керісінше, әйелі тастап, баламен қалған ер кісілер туралы айтамыз. Бұл да біздің уақыттың көрінісі. Ришат Асқарбекұлының материалы.
Алматыда жақында «Әкелер форумы» деп аталатын отбасылық құндылықтарды дәріптейтін шара өткен болатын.Қаладағы ең қымбат деген қонақ үйлердің бірінде өткен форумға аймақтардан үлгілі деп танылған әкелер шақырту алыпты. Қысқасы сықиып киінген, өзіне сенімді, ел ішінде танымал, кәсібі мен мансабы да бар ақ жағалылардың отырысы екені көрініп тұр.
Артур Бақтияров Астанадан келген. Жеке кәсіпкер отбасын асырау үшін табыс табудан бөлек, күндізгі уақытының едәуір бөлігін бала тәрбиесіне арнайтынын айтады. Сондықтан баласын да жетелей келіпті.
Артур Бақтияров, Астана қаласының тұрғыны:
Анасы күндіз жұмыста кешке дейін қол тимейді. Ылғи жиналыстарға мектепке шақыртқан жерлерге мен барамын. Балабақшада ата-аналар комитетінің мүшесімін.
Бірақ Алматының орталығындағы сәулетті мейманханада өткен шараға Мархабай Оразбаевтың жолы әрине, түскен жоқ. Оның кейпі үлгілі әкеден гөрі «бақытсыз әке» дегенге көбірек ұқсас. Алматы іргесіндегі «Жаңа дәуір» ауылының тұрғыны 6 баланың әкесі. Тұрмысы нашар болса да, тырмысып еңбектеніп жатқанының үстінен түстік. Бірақ жасы жетпіске тақап қалса да, балалары тым жас көрінеді. Мән-жайды өзінен сұрап білдік.
Мархабай Оразбаев, жалғызбасты әке:
Бес баланы тастап кетеді деген ойымда жоқ еді. Газ қойдыра алмай отырмын. Үйдің құжаты соның атында еді. Әкем өлді деп кеткен еді. Содан бері жоқ, 2013 жылы кеткен, бес жыл болды, жоқ.
Өзінің бақытсыздығын жас әйелмен бас қосқанынан көреді. Он екі жыл отасқан жары қарияны бір-ақ күнде тастап кете барған. Қырық жастағы әйел туған баларына да қайырылмай ғайып болыпты. Мархабай Оразбаев алты баланы бауырына басып, бір жылдай өмір сүріп көрген. Үлкені мүгедек болғандықтан, амалсыздан Есік қаласындағы арнайы интернатқа тапсырған. Көп ұзамай қалған 5 бүлдіршінді де жергілікті әкімдік Талғар қаласындағы Тұяқ Есқожина басқаратын балалар үйіне орналастырған.
Эльмира Ыбырайымхан, тәрбиеші:
Бесеуін осында әдейі қабылдаған бір-бірінен ажырамасын, бауырмал болсын деп. Бесеуі де ақылды, бір біріне қамқоршы, бір-бірінің тілін алады.Төрт қыз бір ұл.
Тоқсанынышы жылдары Қарақалпақстаннан көшіп келген Оразбаевтың ағайындары да Іле ауданы «Жаңа дәуір» ауылына қоныстанған. Мархабай қарияның туған бауыры Аңсаттың үйі іргелес. Бірақ тірі жетім атанған бауырларында онша шаруасы жоқ сияқты.
Аңсат Оразбаев, бауыры:
Ол жақта тәуір, балардың үсті таза, мұндағыдай емес сабақтарына дайындалады.
Мархабай Оразбаев, жалғызбасты әке:
Келеді ғой, балалары бар ғой деп сотқа да берген жоқ едім. Болмаса аналық құқығынан айырып тастауым керек еді.
Керекулік Ержан Ыбраев та жалғызбасты әке. Ол алты баласын өзі бағып-қағып отыр. Үлкен ұлы Ардақ – 20 жаста, колледже оқиды, ең кенжесі Қамар 5 жаста. Бірінші әйелі қайтыс болып, одан екі бала қалған. Осыдан төрт жыл бұрын екінші рет үйленген әйелі отбасын тастап кетіп қалған. Марқабай қарияға қарағанда жергілікті сот бұл отбасының анасын алимент төлеуге міндеттеген. Әйелдің өз балалары алдындағы берешегі 2 млн теңгеден асқан.
Ержан Ыбраев, жалғызбасты әке:
Алты айлық қызды тастап кеткені маған ең ауыры сол болды. Жақсы болсын, жаман болсын ол, мен түсінемін әйел бала 17 жасында алданып қалады, үйтеді-бүйтеді. Ал мынау енді төрт бірдей баланы дүниеге әкеліп, тастап кеткені ауыр тиді. Жүрек жоқ деп өзім ойлаймын.
Отбасында балардың біреуі жарымжан. Сол себепті жалғызбасты әке жұмысқа шыға алмайтынын айтады. Мүгедектік үшін алатын 46 мың теңге мемлекеттік жәрдемақыға қарап отыр. Үйдегі шаруашылыққа ересек балалары жәрдемдеседі.
Ержан Ыбраев, жалғызбасты әке:
Әйелдің жұмысы өте ауыр жұмыс. Өйткені, тамағын дайындау керек, киімін жуу керек, ана қыз нолевойға барады, соны киіндіру керек, қыз деген ерекше ғой, кенже қызым өзі. Күтімі өте көп, бұған шыдамдық керек.
Қамар Ержанқызы:
Мен папамды жақсы көремін. Өскенде дәрігер болам. Папамды емдеймін. Оған болысамын.
Петропавл қаласының маңындағы ауылдардың бірінде тұратын Бауыржан Дербесовтің де әйелімен дәм тұзы жараспаған. Үйленген кезде Астанада тұрған олар, кейін Бауыржанның туған жері Якорь ауылына қоныс аударған. Алайда екі баланың анасы қаланың жайлы өмірін аңсап, Елордаға кете барыпты. Жалғызгілікті өмірге үйренген Бауыржанның тұрмысы жаман емес. Екі баланың сұраған асын пісіріп, балалардың бабын тауып отырмын дейді.
Бауыржан Дербесов, жалғызбасты әке:
Әйеліммен ажырасқан соң, ол бес жылға жоғалып кетті. Кейін бір аптаға келген, қайтадан хабар-ошарсыз. Балаларымның есіне түсірмеуге тырысамын. Киімін әперіп, тамағын уақытында беремін. Кейде көршілерім мен анам көмектесіп отырады. Басқа әйел алатын ойым жоқ. Балаларым қаласа, кейін көре жатармын.
Байқағанымыз, бұл отбасылардың барлығы да белгілі бір деңгейде көмекке зәру. Моральдық, психологиялық, материалдық және құқықтық. Ер адамдар болғасын, олардың ешқайсысы да көз жасын көрсеткен жоқ. Керісінше, әкелердің жанарынан балаларына деген мейірімділік байқалды. Десе де отбасындағы әйелдің орны ойсарып тұр.
Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Біздің кейіпкерлердің бәрінің тағдыры ұқсас. Үшеуінің де әйелдері отбасынан теріс айналған. Біз ол тырнақша ішіндегі «аналарды» іздеуге тырысқан жоқпыз. Себебі әр отбасының өз сыры мен құпиясы болады. Тіпті әркімнің өз шындығы бар ғой деген ұстанымда қалдық.
Білім және ғылым министрлігінің балалар құқығын қорғау комитетінің дерегінше, елімізде 400 мыңнан астам жалғызбасты ана тіркелген. Ал ондай әкелердің саны туралы дерек әрқилы. Сенат депутаты Динар Нөкетаева баспасөздегі бір сұқбатында отбасында баланы өзі ғана тәрбиелейтін 42 мың ер адамның барын айтыпты. Ал психологтар әке болу мәртебе ғана емес, оның өз ауыртпашылықтары да жеткілікті, дейді. Ал ол жалғызбасты әке болса ше?!.
Салтанат Маусейітова, психолог:
Жалғыз басты әкелердің психологиясы басқа ер адамдардың психологиясынан былай айтқанда ешқандай айырмашылығы жоқ. Бірақ ең бір қиыншылығы ол эмоционалды психология жағынан отбасынан әйел адамның кетуінен пайда болады.
Мархабай Оразбаев, жалғызбасты әке:
Үйді ремонттап жатырмын баларым үшін. Бірақ сенбі, жексенбіде оларды жібермейді. Бала үйренсін деп. Каникулға да жібермейді. Олар жылайды, папа алып кетші деп каникулда...
Кейіпкеріміз Мархабай Оразбаев патронаттық тәрбиемен айналысатын балалар үйіне жақында келіп кетіпті. Қазанның 9-ында кенжесі Жәйна 4 жасқа толған екен. Ол арнайы осы күні келіп, қызына мына жұмсақ ойыншықты сыйлапты. Бүлдіршін әлі де бейқам, алаңсыз. Ал 6-шы сыныпта оқитын Жансая көңілсіз жүреді. Бәрін сетін сияқты. Тіс жарып ештеңе айтпады. Бес қыздың ішіндегі Арман ойын өлеңмен жеткізді.
Ей адамдар құрметтеңдер ананы,
Құрметтеңдер асыл жанды дананы.
Қанша күнә жаса да фәниде,
Ана байқұс кешіреді екен баланы.
Ришат Асқарбекұлы "Біздің уақыт".