Русский Сайттың толық нұсқасы

Атыраулықтар жалпыүйлік есептегішке қарсы шықты

  • AstanaTV
  • 13 наурыз 2017
  • 2748

Жалпыүйлік су есептегіштерді заңсыз орнатты. Атыраудағы Авангард ықшам ауданы тұрғындары осылай деп наразылық танытуда. Олар, «Атырау су арнасы» мекемесі  ауыз су шығынын өздері төлемей, тұрғындардың есебінен жабуды көздеп отыр, деп есептейді. Ал монополист мекеменің өз уәжі бар. Базаргүл Нәдірқызы толықтырады.

Жалпыүйлік есептегіш құралын орнату - соңғы үш жылдан бері Авангард ықшам ауданындағы екі көпқабатты үй тұрғындарының басты проблемасына айналды. Тұтынған суының ақысын пәтердегі есептегішпен төлеп келген халық тағы бір жаңа есептегіш пайда болғанына қарсылық танытқан. Алайда, тұрғындармен санаспай, пәтер иелері кооперативінің келісімін алған «Атырау су арнасы» мекемесі 2014 жылы қондырғыны орнатып, келесі жылы қосымша төлемді талап ете бастаған.

Людмила Багаутдинова, Атырау қаласының тұрғыны:


Әрбір пәтерде жеке есептегіш бар. Сол бойынша төлейміз. Бұл үйдің жертөлесі  құрғақ. Сондықтан біздің келісімімізсіз есептегіш орнатпау керек еді. Екі қайтара шығынға батып отырмыз. Үйдегі есептегішті өз қаржымызға орнаттық. Енді келіп, ол есептегіштер  дұрыс көрсетпейді,- дейді.

Гүлнәр Исмағамбетова, Атырау қаласының тұрғыны:

Бұл үйлерде негізінен зейнеткерлер тұрады. Үйдегі есептегішпен екі мыңдай ақша шығады.  Оның үстіне тағы қосымша  төлем келіп тұр, мың жарым теңге. Былтыр желтоқсанда сот басталған, содан бері ол жерге нөл қойып жатыр. Өздерінің пайдасына шешілуін күтіп отыр.

Бұл үйлерге қызмет көрсететін «ММ-19» ПИК төрайымы ортақ есептегіш орнатуға  3  ай бойы келіспегенін айтады. Алайда «Атырау су арнасы» кәсіпорнының басшысы Андрей Тасшлыков бұл бағдарламаны орындау керектігін айтып өтінді,- дейді.

Жанна Сисенғалиева, «ММ-19» ПИК төрайымы:


Депутаттыққа түсейін деп жатырмын. Программаға берді. Мен мыналардың бәрін қоюым керек. Мен осы депутаттық сұрақтармен жүргесін, осы счетчиктердің бәрін қондырып, енді жұмысына плюс алайын деген сөзі болар. Мен халыққа ущерб жасаймын деп ойлаған жоқпын.

«Атырау су арнасы» мекемесінің басшысы, Авангард ықшам ауданында 92 пәтерге ортақ есептегіш орнатылды, деп отыр. Тағы 600-іне орнату үшін жұмыс істеліп жатқанға ұқсайды.

Андрей Ташлыков, «Атырау су арнасы» КМК директоры:


Қолдарында келісімшарт бар. Бұдан бірнеше жыл бұрын қол қойған. Адамдар сол келісімшартты оқысын әуелі. Мысал келтірейін, біз үйге 100 текше метр су жібердік делік, ал пәтерлерлердегі есептегіштердің көрсеткіші бойынша 50 текше метр ғана шықты. Ал қалған 50 текше метрдің ақысын кім төлейді?

Базаргүл Нәдірқызы, тілші:

Тұрғындар да, пәтер иелері кооперативі мүшелері де жертөленің құрғақ екенін айтып, қалған судың қайда кеткенін білмей аң-таң. Сондықтан "Атырау су арнасы" жеке пәтеріне есептегіш орнатпаған 15 пайыз тұрғынмен жұмыс істесін деп отыр. Қос үйдің тұрғындары қалалық сотқа шағымданып жеңген болатын. Алайда, монополист мекеме облыстық сотқа арыз жазған. Қысқасы, тұрғындар, ортақ есептегіш алынып тасталмайынша, құзырлы органдарға шағымдана береміз, дейді