Маңғыстау облысында сұйық газ мәселесі жақын күндері шешілмейді. Ол үшін бағаны көтеру керек немесе көгілдір отынды өзге аймақтардан тасымалдау қажет. "100 нақты қадам" ұлт жоспарын іске асыру бойынша өткен брифингте өңір басшысы осылай деді. Облыста 175 мыңдай көлік тіркелсе, соның 115 мыңы сұйық газ пайдаланады.
Әкімнің дерегінше, Жаңаөзендегі газ өңдеу зауыты айына 13 мың тонна сұйық газ өндіруге қауқарлы. Ал көліктерді толықтай газбен қамтамасыз ету үшін, 16 мың тонна керек. Зауытта газды босату бағасы арзан, соның салдарынан былтыр кәсіпорын 7 миллиардқа жуық шығын көрген. Өңір басшысы тығырықтан шығар екі жолды ұсынып отыр.
Алик Айдарбаев, Маңғыстау облысының әкімі:
Үкіметте ведомствоаралық комиссия құрылды. Газ тапшылығы мәселесін шешу қаралуда. Газды өндіру мен тұтыну осы көлемде қалса, сұйық отынды Атырау мен Ақтөбе қалаларынан тасымалдауға тура келеді. Аймақта газ бағасы өзге өңірлердегі бағамен теңелгенде ғана, мәселе шешілуі мүмкін.