Ертең Қырғыз Республикасында президент сайлауы. Негізгі үміткерлер Сооронбай Жээнбеков пен Омурбек Бабанов. Назар аудартатыны – 6,5 миллион тұрғыны бар қырғыз елінде соңғы 12 жылда екі революция болды. Екеуінде де президенттер «құлап», біріншісінде Асқар Ақаев, екіншісінде Құрманбек Бакиев қашып тынды. Екі революцияның да детонатары – отқа құйылған май – әділетсіз сайлаулар еді... Биылғы сайлау науқанына келсек, небір мәлімдемелер жасалды. Оның бізге қатысты тұсы да бар. Билік басындағы президент Алмазбек Атамбаев өткен сенбінің кешінде біздің мемлекетімізді «сайлау процесіне араласты» деп айыптап, біраз әңгіме айтты...
Досым Сәтпаев, саясаттанушы:
«Қызық» мәлімдемені Атамбаев бірінші рет жасап отырған жоқ және ол экстравагантты саясаткер. Естеріңізде ме, осының алдында оның ЭКСПО-ға байланысты айтқаны – егер мен сонша ақша жұмсасам, жұрт жанымды шығарады,- дегені. Әрине, соңғы мәлімдемесі өздеріндегі сайлау науқанына орай күрестің күшейгеніне байланысты жасалған. Америкалықтарда «ақсақ үйрек» деген ұғым бар – қызметтік мерзімін атқарып біткен президентті айтады. Яғни Алмазбек Атамбаев та бейнелеп айтқанда сондай.
Айтпақшы, Алмазбек Атамбаев сайлау алды қарбаластан Сочиде өткен ТМД мүше елдердің САММИТ-іне бармады. Сочиде Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы да өткен. Біз тоқталатын деталь – САММИТ-терден соң Ресей басшысы В.Путин Германияның іскер адамдарымен кездесуіне Қазақстан басшысы Н.Назарбаевпен барды. «Коммерсант» басылымы «Неміс бизнесін басқа жаққа бұрып әкетті. Путин зорға кері қайтарды» деген мақала басқан. Авторы Андрей Колесников неміс бизнесін тартуда Нұрсұлтан Назарбаевтың позициясы мықтырақ болды, деп жазды. Кездесуге Bauer, Linde, Nord Stream, Siemens сияқты мықты компаниялардың топ-менеджерлері қатысқан. Журналист Назарбаевтың сөзі шымшымасыз, жарқын болғанын жазған. Путинге қарап, – немісше сөйлемегеніңізге рақмет, әйтпесе мен түсінбейтін едім, деп жиналған жұртты жымита отырып, еліктіріп әкеткен. Қазақстанда әр түрлі салада 900 неміс компаниясы жұмыс істейтініне тоқталып, Дүниежүзілік банктің инвестициялық тартымдылық рейтингісі бойынша еліміздің 39-шы орынды иеленгенін айтқан. Бизнесмендерді елең еткізетін басқа да үндеулер тастаған. Жекешелендіруге қатысуға шақырған сияқты. Не керек, авторда Қазақстанның презентациясы өтіп жатқан сияқты әсер қалған. «Маған В.Путин бөтен біреудің мерекесіне кіріп кеткен сияқты көрінді». Колесников әдетінше, осылай ирониялайды. Кездесу бәлкім Нұрсұлтан Назарбаев қатысқасын шығар, өмірлік, жағымды атмосферада өтті деп те топшылайды.