Русский Сайттың толық нұсқасы

«Аса қадірлі» болмаса да, өлмейтін мамандықтар бар.

  • AstanaTV
  • 02 қыркүйек 2017
  • 6554

 Биыл 20 мың қазақстандық азамат шетелдердегі ЖОО-на барып оқымақ. 70 пайызы ресейлік оқу орындарына. Бұл мәліметті «Астана» арнасына жоғары оқу орындары ассоциациясының президенті Р.Алшанов берді. Мұны бір мәселе деңіз. Себебі Ресей мемлекетінің білімі бізден төмен емес шығар, бірақ бәрібір біздің уақыттың білім алатын жері Ресей емес ғой. Кедейшілік пен жемқорлық жайлаған елден білім алу... Сондай-ақ, бұл білім көшінен көрші елге деген ілтипаты өз еліне деген сезімнен жоғары, көрші елдің тілінде ғана сөйлейтін, соларша ойлайтын адамдардың санын арттырмай ма? 

Енді мамандық таңдауға байланысты. Бізде мамандықты негізінен ата-аналар таңдайтыны рас. Бұл да бір тема. Әйтсе де қазіргі айтпағым, кім таңдаса да, жақын болашақта қажет болатын мамандықтарға мән беру керектігі өз алдына, «аса қадірлі» деп есептелмесе де, «өлмейтін» мамандықтар бар екенін бағамдамайтынымыз. Мысалы, ветеринар. Қалада тұратын ветеринар. Мықты маман болса, табысты жұмыс кепілі. Тіпті дәулетті өмір сүру кепілі. Үй жануарларын асырағысы келетін қала тұрғындары көбейген сайын, бұл мамандыққа сұраныс да арта бермек. Демалыста уақыт бар, жан-жануарлар туралы арналарды аудармай көресің ғой, ветеринарлар туралы фильмдерге қарап, «қандай күшті» деп тамсанумен болдым. 

Еліміздегі жоғарғы оқу орындарының 12-сі ветеринар-маман даярлайды. Жыл сайын мемлекет 630-640-қа жуық грант бөледі екен. Ал оқуын бітіргендер жаппай жұмысқа тұра ма?  Ауыл-аймақтарда ветеринар жетіспеушілігі неге жойылмай отыр?

Исабек Жанашев, ҚАЗҰАУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:

Себебі 80 пайызға дейін қыз балалар оқиды. Грантты жеңіп алған ер балалар аз. Көбіне қыз балалар түседі. Сондықтан олар ауылға барып, мал дәрігері болып, малға қарайтын маман болып істегісі келмейді. 

Технологиялар ғасыры деп, маманы көп мамандыққа ұмтылмай, көне жолдың жүйесінен жол тапсаңыз, жақсы жетістіктерге жетелері сөзсіз. Александр Кривоножкиннің тағдыры айтылған сөзімізге дәлел. Ол ветеринар болуды бала күннен армандайды.  Мектептен соң жоғарғы оқу орнына түсіп, қаладағы ветклиникалардың біріне қызметке тұрады. Содан бері 10 жыл өтіпті. Қазіргі уақытта өз емханасын ашып, мамандығын кәсіпке, кәсібін нәсібіне айналдырып отыр.

Александр Кривоножкин, ветеринарлық клиниканың бас дәрігері:

Мамандықты жануарларды жақсы көретін өзге де ветдәрігерлер іспетті, бала кезден таңдадым. Алғаш қызметтік жолымды бастаған шақта айлығым 10-15 мың теңгені құрады. Бірақ, мен ақша аз деп басқа салаға ұмтылмадым. Өзім таңдаған жол болғандықтан, айлыққа емес, мамандықты меңгеруге ұмтылдым.

Иә, қызығушылық болса, таңдауыңды тамаша табысқа айналдыра аласың. Бүгінде, оның емханасынан адам үзілмейді. Мұрат сол келушілердің бірі. Оның үйінде 3 мысығы мен 2 иті бар. Бәрі де шаңырақтың  иүшелері, -дейді, ол. Джесси атты төрт айлық күшігін емдетуге келген азамат, мұндағы мамандардың біліктілігіне риза. Тамшы суға таңылған төрт аяқты адам досын емдетуге күніне 6 мың теңге кетеді екен. Мұрат: үй жануарын асырадың ба, онда  оған да  жылы көзқарас танытуға міндеттісің деген пікірде.

Мұрат Әміров, Алматы тұрғыны:

Үйіңде үй жануарын ұстадың ба, оған шын көңілмен қарау қажет. Өйткені, олар сенің шаңырағыңның бір мүшесі. Біз үйде 3 мысық пен 2 ит асыраймыз. Әрине, оларды қатты еркелету шарт емес. Бірақ  уақытынды емдеу, егу жұмыстарына алып келу, дұрыс тамақтандыру кез-келген үй жануары иесінің міндеті деп ойлаймын. 

Александр Кривоножкин, ветеринарлық клиниканың бас дәрігері:

Жалпы, күніне шамамен 30-ға жуық пациентті қабылдаймыз. Соңғы уақытта жастардың бет алысы жақсы. Тәжірибесін шыңдауға көптеп келе бастады. Әрине, саланың дамымай отырғанын білеміз, сондықтан жастарды баулу аса қажет екенін түсінемыз. Ветеринар дәрігерінің айлық еңбекақысы шамамен 100-150 мың теңге. Бірақ, мамандықты сүйіп таңдадың ба, айлықты екінші орынға қойып, қызметіңді сүйіп істеген дұрыс. Сонда ғана, мамандықтың маңызын арттырамыз.

Иә, ветеринар болу кеңседе отырумен шектелмейді. Ылғи қозғалыс пен ізденістен тұрады. Өйткені, үй жануарын емдеу, зертханада дәрілік препараттар дайындау үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Диас Қалиев, ҚАЗҰАУ 1-курс студенті:

Ветеринар болу менің балалық арманым. Жастайымнан жануарларды жақсы көріп өстім. Оларды емдеуге құмар ем. Сол қызығушылық мені арманға жетеледі. Міне, бүгін, бірінші курс студенті атандым. Болашақта адамның кішкентай досына көмектесуге тырысатын боламын. Әрі, мүмкіндік болып жатса, өз емханамды ашып, халыққа қызмет етуге күш саламын.

Біздің елімізде  "аса құрметті" болып есептелмейтін мамандық дамыған мемлекеттерде жоғары санаттағы сала саналады. Мысалы, АҚШ-та бұл қызметке айына 10-15 мың доллар көлемінде айлық төленеді.

Салтанат Абаева, сарапшы:

Шындығында, бұл мамандық қоғамда көп бағаланбайды. Мүмкін, қандай да бір маркетингтік жарнамалардың жоқтығынан болар. Иә болмаса, мемлекеттің, ауылшаруашылығы министрлігі мен жергілікті атқару орындары тарапынан қызықтыру саясаты жолға қойылмағандықтан шығар. Бұл сала әлемдегі алдыңғы қатарлы елдерде жоғары санатқа ие. АҚШ, Канада, Австралия сынды мемлекеттерді алайық. Аталған мемлекеттерде ветеринар айлығы 5-6 мың доллардан 10-15  мың долларға дейін. Ал, біздің елімізде бұл мамандықтың беделі төмен. Әрі, айлық еңбекақысы ең төмен санаттағы сала болып есептеледі. Сондықтан, тек бағдарламаларға ғана иек артпай, жастарды қызықтыра білу қажет.

Мегополисте үй жануарын, әсіресе, ит пен мысық ұстайтындар көп. Олар өз достарына ерекше көңіл бөледі. Бірақ қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы мамандары қаңғыбас ит пен мысықтың көбейіп кетуіне алаңдаулы. Сол себепті барлық үй жануарын есепке алу тәртібі ерекше қолға алынған. Тіпті, 1-шілдеден тегін чиптеу жұмысы басталыпты. Жыл аяғына дейін жалғасатын жұмысқа 73 миллион теңге қарастырылған. Бұл Алматыдағы ит пен мысық санын анықтауға мүмкіндік бермек. Өйткені мегаполисте қанша үй жануары бар екені жайлы нақты статистика жоқ. 

Олжас Нұржақып, тілші:

Алуан-алуан кәсіп бар. Таңдай біл де, талап қыл! Иә, ветеринарлық мамандық сіз ойлағандай осал сала емес. Көзін тапсаң, байлықтың өзін табасың. Бастысы ісіңді сүйе білу шарт. Адам баласы бар да, үй жануарлары да болады. Оларға ерекше көңіл бөліп, ермегіне айналдыратындар қай қоғамда болмасын табылады. Сол себепті, вет дәрігер абыройлы мамандық саналмаса да, қажетті сала. Ол ешқашан өлмек емес.

Олжас Нұржақып. «Біздің уақыт».