Алматы жұртшылығы бүгін ұлттық демография ғылымының негізін салушы, академик Мақаш Тәтімовті ақтық сапарға шығарып салды. Ғалыммен қоштасу рәсімі өзі 15 жыл басқарған Орталық Азия университетінің қабырғасында өтті. Мақаш Тәтімов 16 сәуір күні таңертең ұзаққа созылған науқастан соң қайтыс болды.
Ол 1940 жылы Алматы облысы Талғар қаласында туған. Мәскеу педагогикалық университетін, Мәскеу экономикалық статистика институтының аспирантурасын үздік бітірген азамат ғұмырын ұлттық демографияны зерттеуге арнады. Ашаршылық жылдарында, сталиндік қуғын-сүргін мен екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан қазақтарға қатысты шынайы статистикалық мәліметтерді ғылыми түрде зерттеумен айналысты. Оны келешек ұрпаққа да өсиеттеп кетті.
Халқымыздың өсу динамикасын жыл сайын қағазға түсіріп, көші-қон саясатын талдап, шеттегі қазақтардың елге оралуын алғаш ұйымдастырушылардың бірі болды. Қазақстан Президенті жанындағы отбасы, әйелдер ісі және демография саясаты кеңесінің мүшесі болды. Президент әкімшілігінде де қызмет етті.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ