Еуразиялық интеграциялық институтының зерттеуі бойынша, қазақстандықтардың 82 пайызға жуығы ел өмірінде өзгеріс қажет деп есептейді. Демек, Елбасының «Болашаққа бағдар. Рухани жаңғыру» мақаласы мерзімінде шыққан.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен «Жаңғыру 3:0 Рухани жаңғыру» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында ғалымдар айтты. Кездесуге қатысушылар қоғамдық сананы жаңғыртуда жүргізіліп жатқан жұмысты кеңінен насихаттап, дәйекті пікірлері мен өзекті ойларын ортаға салды. Елде қазіргі әлеуметтік-саяси даму бағытын қолдаушылар көп. Мамандардың зерттеуінше, ол 88 пайыздан астам.
Зиябек Қабылдинов, ҚР БҒМ, ҒК Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры:
Посткеңестік елдерді алсақ, Қазақстаннан басқа ешбір ел рухани жаңғыруға еш көңіл бөлмеді. Әрине, бұл біздің ойымызша, 1 жылдық кампания болмау керек. Ол айлап, жылдап, он жылдап атқарыла беретін жұмыс. Егер біз рухани жағынан дайын болсақ, әлеуметтік жақ та, экономикалық жақ та түзеле бастайды.