Қостанайда еңбек жәрмеңкесі өтті. Оған 50-ге тарта адам келіп, екі қолға бір күрек іздеді. Жәрмеңкеге қатысушыларға қаладағы 20 кәсіпорынның өкілдері өз талаптарын түсіндіріп, бос орындарды ұсынды.
Шараның мақсаты - тұрмысы төмен отбасы мүшелері мен жұмыссыз жүрген жандарды еңбекпен қамту. Бұған мұрындық болған "Нұр Отан" партиясының Қостанай облыстық филиалы. Шара «Бақытты отбасы - Бақытты балалық шақ» жобасы аясында өтті.
"Алдағы уақытта игі бастама жалғасын тауып, аймақта тағы бірнеше рет жәрмеңке өткізу жоспарланып отыр", - дейді «Нұр Отан» партиясының облыстық филиал өкілдері. Қалада жыл басынан бері бір жарым мың жұмыссыз болса, оның 600-ден астамы бүгінде жұмысқа орналастырылған.
Олжас Дүйсеков, «Нұр Отан» партиясы ҚОФ саяси жұмыстар бөлімінің кеңесшісі:
Былтыр 4 жәрмеңке өткен болатын. Жалпы «Нұр Отан» партиясының қолдауымен 350-ге жуық азамат жұмыс орындарын тапқан болатын тек осы жоба аясында. Биыл тағы да кемінде 4 жәрмеңке ұйымдастыруды көздеп отырмыз.
Светлана Нинард, жұмыссыз:
Шаштараздың жұмыс орнын қарастырып қойдым. Ал мүгедектер қоғамы дизайнер ретінде гүл отырғызумен айналысуды ұсынып отыр.