Алматыда кейбір елді мекендерді тағы да су басты

  • AstanaTV
  • 17 маусым 2016
  • 2706

Алматыда аптап ыстықтың артынан келген нөсер алматылықтарды әуреге салды. «Шаңырақ» елді мекенінде өзен арнасынан тасып, 5 үйге су кіріп, тұрғындар далада түнеуге мәжбүр. Ал «Алғабас-6» шағын ауданында көп қабатты үйдің төбесінен су сорғалаған. Қалада жер асты жолдары мен көшелерді де су басты. Тіпті ағын су қаладағы метро бекеттеріне де кірген.

Алматыда түні бойы толассыз жауған жаңбыр арықтарға сыймай, көшелерге жайылды. Көлік қозғалысына кедергі келтірді. Ал жүргіншілерге арналған жер асты жолдарындағы судың деңгейі белуардан асты. Мысалы, Жібек жолы мен Мақатаев көшелерінің қиылысындағы өткелден адамдар өте алмады.

Ал, Алатау ауданында шағын өзен тасып, «Шаңырақ» шағын ауданындағы мына үйлердің ауласына жеткен. Мазасы қашқан тұрғындар тіпті үйлерге де кіргенін айтады. Мамыр айында қала басшысы тура осы аумақтың жағдаймен танысып, жергілікті шенеуніктерге өзен арнасын реттеуге тапсырма берген еді.

Айдын Жайылханов, Алматы қаласы Шаңырақ-2 шағын ауданы тұрғыны:

Мына жерді екінші рет жасап, екінші рет қазып жатыр. Мына жерді жасап қойды, көрсетуге. Мына жұмыстардың бәрі шикі. Жөндеп жасасын деп талап етеміз енді әкімшілікке. Су көпірге жиналып, ЧС қазып еді, ары қарай су барып үйлерді басып кетті. Түнде бетінің бәріне су аққан, бітелген кезде. 

Мұхан Алмасаев, Алматы қаласы Алатау ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

Біз ол жерге түнде бардық. Төрт техникамен каналды тазарту жұмыстарын жүргіздік. Енді аталған көпірді қайтадан жасайтын боламыз. 

Кешегі жауын «Алғабас» елді мекенін де айналып өтпеді. Шелектеп жауған нөсерден мына үйдің төбесінен су сорғалаған. Тұрғындар сапасыз құрылыстың кесірінен жауынға төтеп бермеген үйдің ішкі көрінісін түсіріп, ғаламторға жүктеген.

Сондай-ақ метро бекеттері де суға толған. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары түнгі сағат 12-ге дейін жер асты жолын судан тазартыпты. Жаңбыр бүгін де жауды. Нөсерден әл-Фараби даңғылының бойындағы жер асты өткелдері де суға толды. Синоптиктер алдағы демалыс күндері елдің біраз аумағында ауа райы жауын-шашынды болатынын ескертеді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ