Қарағанды облысында Көкпектідегі су тасқынына кінәлілерге қатысты сот үкімі шықты

  • AstanaTV
  • 20 маусым 2016

Қарағанды облысында Көкпекті ауылында болған су тасқынына кінәлілерге қатысты сот үкімі шықты. Бұқар жырау аудандық соты басты айыпталушы «Табиғат ХХІ» фирмасының құрылтайшысы Владимир Крючковты 3 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды. Ал, қалған екі айыпталушы, Көкпекті ауылының әкімі мен аудандық төтенше жағдай бөлімінің бастығы кінәсіз деп танылды. Айжан Қуаш тарқатады.

Бүгінгі сот отырысына үкімді 7 ай күткен халық та қатысты. Айыпталушы орындығында бір кәсіпкер мен екі шенеунік. «Табиғат ХХІ» фирмасының құрылтайшысы Владимир Крючков тоғанды құжатсыз пайдаланып, бөгеттегі қақпаны дер кезінде ашпағаны үшін айыпталды. Көкпекті ауылының әкімі Бақытжан Смаилов пен төтенше жағдай бөлімінің экс-басшысы Ринат Жантүлеков тұрғындарды апаттың болатынын алдын ала ескертпегені үшін жауапқа тартылды. Судья үкімді 3 сағат оқыды. Алайда, атышулы істің ақыры басқа арнаға бұрылды.

Рафаэль Дурдиев, Қарағанды облысы Бұқар жырау аудандық сотының судьясы:

Сот  ҚР Қылмыстық Кодексінің 316 бабы, 2-нші бөлімімен айыпталған Бақытжан Смаилов пен Ринат Жантүлектовтерді істің ұзақ уақыт бұрын болғанына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен толығымен босатады. Владимир Крючков ҚК-тің 228 бабымен айыпталып, 3 жылға бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ, сот коммерциялық мекемелерді басқару құқығынан екі жылға айыру туралы шешім шығарды.

Айжан Қуаш, тілші:

Осылайша, 5 адамның өмірін жалмаған төтенше жағдайға кінәлі деп айыпталған екі бірдей шенеунік жазадан босатылды. Сот залында оқылған деректерге сүйенсек, су тасқынына кінәлі жалғыз адам - кәсіпкер Крючков. Бірақ әріптестерін қолдауға келген бизнес өкілдері бұл шешіммен келіспеді. Қарағандының кәсіпкерлер қауымдастығы істі қайта қарауды талап етпекші.

Сот шешіміне кәсіпкер Владимир Крючков пен оның қорғаушысы да  наразылықтарын білдірді. Олардың айтуынша, Крючков Көкпекті тоғанын жалға алып, балық өсірген. Алайда, заңды қожайыны емеспін деді. 

Владимир Крючков, «Табиғат ХХІ» фирмасының құрылтайшысы, айыпталушы:

Бұл - табиғи апат. Тоғанның бұзылатыны туралы талай рет айтқанбыз. Ешкім мән бермеді. Енді тығырыққа тірелгенде бар бәлені маған жаба салды. Бұл тоғанның нақты қожайыны "Шаңырақ" фирмасының басшысы да сытылып кетті. Мен кесілген жазамен еш келіспеймін.

Хамида Айтқалиева, В. Крючковтың қорғаушысы:

Сот үкімін заңсыз деп есептеймін. Мұндай шешімді қабылдау үшін заңнан бұрын, ар-ұят болу керек. 45 күн бойы толғанып, қабылдаған шешімі тіпті сот орындарының бетіне шіркеу келтіреді. Ешбір дәлел, айғақтарды ескермеген.

Соттың бұл шешіміне жиналған халықтың да көңілі толмады. Көкпекті су қоймасының бұзылуынан жапа шеккен 350 адамның 280-і өтемақы талап етіп арызданған. Олар 1 млрд теңгеден астам моральдық, материалдық шығынды шенеуніктерден талап еткен еді. Енді олар көк тиынсыз қаламыз ба деп қорқады.

Алтын Молдабекова, Көкпекті ауылының тұрғыны:

Кінәлі кісіні тапқан да жоқ. Соған ешқандай жаза қолданған да жоқ. Бұл жаза ол кісіге аз. Бұдан да қатаң жаза қолдану керек. Қолданбаса, біздің шығынды төлетіп берсін. Сосын жазаланбай-ақ та қойсын.

Көкпекті апатынан кінәлілерге қатысты сот үкіміне кәсіпкер де, жапа шегушілер де қайта шағымданбақшы. Еске салайық, 2014 жылы наурызда Көкпекті су қоймасындағы бөгет ағын суға шыдас бермей бұзылып, тасқын ауылдағы 350-дей баспананы қиратып, 5 адам қаза тапқан болатын. Тасқыннан кейін 51 үй ғана қайта тұрғызылды. Қалғандары баспаналарын елден жиналған қаражатқа жөндеп алуы тиіс еді. Олар енді әрқайсысы жеке арызданып, кінәлілерден өтемақы өндіріп алудан басқа амалы қалмаған. Сондықтан Көкпекті оқиғасына нүкте қойылды деп айтуға әлі ерте.

Айжан ҚУАШ