Елорда полицейлері қаладағы барлық үйлердің аулалары мен пәтерлерді аралап, тексеру жүргізуде. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының коменданты, полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденов мәлімдеді. Оның айтуынша, бас қалада жағдай тұрақты. Алаңдайтын мәселе жоқ. Тек тұрғындар көшеде бейберекет жүрмей, балаларға сақ болғаны жөн, дейді.
Ержан СӘДЕНОВ, НҰР-СҰЛТАН қ. КОМЕНДАНТЫ, ПД БАСТЫҒЫ:
Қала толық бақылауда. Блок бекеттер жұмыс істеп тұр. Қоғамдық тәртіпті бұзғандарды анықтау мақсатында арнайы жедел-профилактикалық іс-шаралар, оның ішінде аулалар мен пәтерлерді аралау жүріп жатыр. Тұрғындарды түсінікпен қарап, қолғабыс етуге шақырамыз. Күдікті адамдар туралы ақпарат білсеңіздер, хабарлаңыздар.
А. Дүкенбаева