Қазақстанның ипотекалық компаниясы арқылы жүзеге асқан "Өңірлерді дамыту-2020" мемлекеттік бағдарламасы аясында 7 мыңнан аса қазақстандық баспаналы болды. Бұл туралы аталған компанияның өкілдері ақпарат таратты. Олардың дерегінше, жалға берілетін тұрғын үйлерге бюджеттік ұйым қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер сондай-ақ әскерилер мен ата-ана қамқорлығынан айрылған және мүмкіндігі шектеулі балалар мен көп балалы және жас отбасылар қол жеткізді. Олар бірнеше жыл үй кезегін күтіп, жалға алу шарты бойынша ипотекалық компаниямен келісімге отырған. Қолжетімді баспанаға қолы жеткен қоныс иелерінің бірімен әріптестеріміз тілдесіп қайтты.
Ақтоты Ешмұқанова мына төрт бөлмелі пәтерге осыдан жарты жыл бұрын көшіп келген. Алты баланың анасы, баспана кезегінде 6 жыл тұрғанын айтады. 20 жылға жалға алған пәтерін, 5 жылдан соң түбегейлі сатып алуға бел буып отыр.
Ақтоты Ешмұқанова:
Осы Қазақстан ипотекалық компаниясына үлкен алғысымызды айтамыз. Мемлекеттік бағдарлама аясында болғандықтан бағасы өте қолжетімді. Ай сайынғы төлемақымыз бар ғой әрине. Енді, басқа пәтерлерді жалдап тұрғанға қарағанда әрине, арзанырақ.
«Өңірлерді дамыту - 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысқан Қазақстанның ипотекалық компаниясы арқылы бір жылдың ішінде 7 мыңнан аса қазақстандық қоныс тойын тойлаған. Ипотекалық компания салған су жаңа жалға берілетін тұрғын үйлер еліміздің барлық өңірінде бой көтерді.
«Бәйтерек» холдингінің қолдауымен 2015 жылы компания жалпы көлемі 425,4 мың шаршы метр болатын 7234 пәтерді қолданысқа берді. Демек жоспарланған 401,1 мың шаршы метр межеден артық баспана салды. Тұрғын үйлер Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Семей, Талдықорған, Тараз қалалары мен Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарында бой көтерді.
Компания жүзеге асырған «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында салынған қолжетімді үйлерде қазір мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйым қызметкерлері мен көп балалы және жас отбасылар, сондай-ақ әскерилер тұрып жатыр. Аймақтардағы әлеуметтік ахуал жақсарып, сәулеті келіскен үйлер қалалардың көркін кіргізді. Коммуникация жүйесі соны технологиямен жабдықталып, инфрақұрылым жақсарды. «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы халықты сапалы, әрі қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуде.
Айгүл ЕРМАХАН