Русский Сайттың толық нұсқасы

Теңге бағамындағы айырмашылық бойынша салымшыларға өтемақы төлеу басталады

  • AstanaTV
  • 23 маусым 2016
  • 1750

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына курстық айырмашылық бойынша өтемақының алғашқы траншын төлеуді 25 маусымнан бастайды. Өтемақы бірінші кезекте ағымдағы жылдың 31 мамырына дейін банкпен келісімге қол қойып үлгерген салымшыларға төленеді. 220 мыңнан астам салымшының шотына 23 млрд теңге аударылады. Бұл туралы бүгін банктің баспасөз хатшысы Айбар Олжаев мәлімдеді.

Айтуынша, бүгінгі күні өтемақы төлеуге жататын 452 мыңнан аса салымшының 140 мыңы банкке келісімшарт жасасуға келмеген. Олардың басым бөлігінің шотында 1 миллион теңгеден аса сома бар. Сондықтан банк қызметкерлері салымшыларға қосымша келісімге қол қоюға санаулы күндер қалғанын ескертеді. Үлгермеген жағдайда өтемақыдан қағылады.

Айбар Олжаев, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ баспасөз хатшысы:

Қазірдің өзінде біз қосымша келісімге қол қою үрдісін әлі жалғастырып жатырмыз. Оған 8 күн қалды. Сондықтан өз салымшыларымызға асығуды және осы процессті  тезірек аяқтауды сұраймыз. Екінші толқын салымшылары олар 1 шілдеге дейін қол қойып үлгеруі тиіс. Олардың өтемақылары үстіміздегі жылдың 1 тамызына дейін есепшоттарына аударылатын болады. Өтемақының алғашқы пайызы 19,2 пайыз құрайды.

Еске салайық, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ұлттық валюта бағамын еркін айналымға жіберуіне байланысты 452 мың салымшыға өтемақы төлеу туралы шешім қабылдаған болатын. Берілетін ақша жалпы жинақтың 35,5 пайызын құрайды. Ол екі кезеңмен өтеледі. Екінші транш толық көлемде 2017 жылдың бірінші шілдесіне дейін  төленбек.