Русский Сайттың толық нұсқасы

Елорданың Есіл ауданына газ тарту жұмыстары қашан басталады?

  • AstanaTV
  • 05 мамыр 2022
  • 1463

Елорданың Есіл ауданын газдандыру жұмыстарына дайындық биыл басталады. Бұл туралы аудан әкімі Асылбек Есенбаев, тұрғындармен кездесуде мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір газ тарту жұмыстары бойынша мемлекеттік сараптама басталып кеткен. Есіл ауданында тағы қандай жұмыстар жүргізілмек? Толығырақ алдағы сюжетте.

Есіл ауданының әкімі, мемлекет басшысының тапсырмасына орай тұрғындармен кездесу өткізді. Жиынға шаһар басшысы Алтай Көлгінов қатысты. Президенттің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» жарлығына сәйкес аудан әкімі өткен жылда атқарылған жұмыстары бойынша және ауданның одан әрі даму барысы туралы баяндама жасады.

Асылбек ЕСЕНБАЕВ, НҰР-СҰЛТАН қ. ЕСІЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

2021 жылы жолдарды жөндеумен, тұрғын үй кешендеріне кіреберіс жолдарды жайластырумен, әлеуметтік объектілер салумен, аула аумақтарын абаттандырумен, апаттық үйлерді бұзумен байланысты түрлі мәселелер бойынша барлығы 17 мыңнан астам мәселе қабылданып, өңделді.

Аудан аумағында бүгінде 480-нен астам аула бар. Оның 54-і абаттандыруды қажет етеді дейді,- аудан әкімі. Сондықтан да жазғы уақытта 21 аула аумағы және 9 қоғамдық кеңістік  абаттандырылу жоспарланып отыр деді. Жұмыс мамыр айының соңында басталады. Сондай-ақ, ауданда  тұрғындарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету де қолға алынған. Жалпы "Есіл" ауданында газдандыруды іске асыру кезеңі 2022-2025 жылдарға жоспарланған деді-жауаптылар.

Асылбек ЕСЕНБАЕВ, НҰР-СҰЛТАН қ. ЕСІЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Газдандыру бүгінгі күні Есіл ауданында алты объектіде жоспарланған. Олар Ильинка, Пригород, Тельман, Family town тұрғын алаптары, Шұбар шағын ауданы


Жиында тұрғындар толғандырған мәселелерін ортаға салып, жауаптылардың жауабына қанықты. Бірі ауладағы бейнебақылау камераларын айтса, енді бірі аялдамалар санын көбейтсе деді. Қала әкімі алдағы уақытта тұрғындармен кездесулердің саны артатынын айтады.

Алтай КӨЛГІНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Жылына бір-рет кездесу болмайды енді. Енді біз ауданда кем дегенде жарты жылда бір рет кездесіп отыруымыз керек. Одан бөлек біз әр шағын ауданда немесе қаланың шеткі аймақтарында біз қай жерде біз жиі-жиі кездесіп отырамыз.

Жиын соңында аудан әкімі тұрғындардың талап-тілегі ескеріліп, мәселелер бақылауға алынады деп сендірді.

Б. Сатуов