«AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов бейнебайланыс арқылы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумды қолдау үшін партияның республикалық штабының алғашқы жиынын өткізді. Жиын барысында Ерлан Қошанов Президенттің жалпыұлттық референдум өткізу бастамасын қолдау жөніндегі «AMANAT» партиясының мәлімдемесін жариялады. Партия Төрағасы ауқымды реформалар сайлау, партиялық және сот-құқықтық жүйесін, аумақтық-территориялық құрылымы мен мемлекеттік биліктің бөліну принципін түбегейлі өзгертетінін атап өтті.
Ерлан ҚОШАНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Президенттің осы тарихи шешімдері жаңа әрі әділетті Қазақстанның құру жолында жасалған ірі қадам. Бұл екінші саяси Республиканың іргетасы. Мұның барлығы саяси бәсекелестікті күшейтуге жол ашып Қазақстан азаматтарына жаңа әрі тең мүмкіндік береді. Аманат партиясы Конституциялық реформаның маңыздылығын терең түсініп алдағы референдумды өткізуді толық қолдайды. Конституциялық реформаға қоғамдық қолдауды ұйымдастыру үшін партия бар күш-жігерін салуға дайын. Референдумның мән-маңызын азаматтарға жан-жақты түсіндіру мақсатымен партия жанынан республикалық және аумақтық штабтар құрылады.
Ә. Дүкембаева