Елордалық дәрігерлер 1 миллион теңгемен марапатталды

  • AstanaTV
  • 16 маусым 2022
  • 1109

Короновируспен күресте  алдыңғы шепте болған  елордалық дәрігерлер  ерекше марапатқа  ие болды.  Олардың әрқайсысына бір миллион теңгеден сыйақы табысталды.  Пандемияның алғашқы сәтінде қауіпті дертке қарсы тұрып, кәсіби қызметін адал атқарған жандарды денсаулық сақтау министрі мен қала әкімі құттықтады.

«Алтын жүрек».  Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған шара осылай аталды. Пандемия кезінде ерен еңбегімен көзге түскен мамандарға құрмет көрсетіліп, олардың суреттері көрмеге қойылды.   

Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Осы залда бүгін ең батыл, ең батыр, ең жүректері жылы, ең мейірман адамдар отыр. Өйткені медицинада басқа адамдардың болуы мүмкін емес.

Шара барысында денсаулық сақтау саласының тарихы мен дамуы туралы бейнеролик көрсетілді. Сондай-ақ,  қауіпті инфекция күшейіп тұрған сәтте , қызметін адал атқарып,  қайтыс болған дәрігерлерді еске алуға арналған фильм көпшілік назарына ұсынылды.  Ол жандардың есімі ешқашан ұмытылмайды.

Алтай КӨЛГІНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бас қала болғаннан кейін сіздердің еңбектеріңіз көрініп тұрады. Бұл жерде республикалық дәрежедегі клиникаларымыз бар. Толық медициналық кластер бар деп айтуға болады. Шетелден де келіп емделеді. Оның барлығы – сіздердің еңбектеріңіз, сіздердің жұмыстарыңыз.


Кеш соңында коронавируспен күресте алдыңғы шепте болған дәрігерлер марапатталды. 8 номинация бойынша үздік деп танылған мамандар 1 млн теңгеден ақшалай сертификат иеленді.  Арнайы төсбелгілер мен алғыс хаттар алғандар да бар.

С. Селеубайұлы