Атырауда пробация есебінде тұрған азаматтар жұмыссыз жүр. Бұрын істі болып, темір тордың ар жағынд жазасын өтеп шыққандар екі қолға бір күрек табу қиын екенін айтады. Жұмыс берушілер «сотталмағандығы туралы анықтама» сұрайды. Ал бірер күндік қосалқы жұмыс пен мардымсыз тиын-тебен өмір сүруге жетпейді,- дейді олар.
Ұрлық жасап бес жылға бас бостандығынан айырылған 32 жастағы Атырау қаласының тұрғыны 2 жыл жазасын өтеп, бостандыққа шыққан. Қазір пробация қызметі есебінде тұр. Шалыс басып , істі болған азамат өткені үшін ұялады, сондықтан жүзін көрсетуді қаламайды. Өткені өміріне дақ болып, онсыз да қоғамнан өз орнымды лайықты таба алмай жүрмін,- дейді ол. Отбасын асырап, аяқтан тұруға жұмыссыздық қолбайлау болғанын айтады.
АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ, ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ:
Жұмыс табу қиындық тудырып жатыр. Жұмыспен қамту орталығына бардым, ондағылар айына 60-80 мың төлейтін қызмет ұсынып тұр. Қазақстанда ондай ақшаға күн көру қиын ғой.
Тұрақты жұмыс табу – пробациялық қызмет есебіндегілерге ортақ проблема. Облыс бойынша 1 мыңнан аса адам арнайы тізімде тұр. Олардың басым бөлігі-жұмыссыз.
Артур ИМАНОВ. ПРОБАЦИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ БӨЛІМШЕ БАСТЫҒЫ:
Биылдыққа біз 43 адамды қызметке орналасуға жібердік. Арнайы жәрмеңкелер өтіп тұрады бізде. Одан бөлек жазасын өтеп шыққандарға бізде құжаттарын реттеу бойынша, медициналық, психологиялық көмек те көрсетіледі.
Алайда жұмыспен қамту басқармасы мамандары сотталушылардың өздері жұмыс таңдайды дейді. Жалақысы аз жұмысқа шыққысы келмейтін көрінеді.
Гүлболат АМАНҒАЛИЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Ұсынған вакансиялар бойынша жұмыс орындарынан бас тартқандар да бар. Жыл басынан бері ондай 20 факті орын алды. Сол себепті үш бірдей жұмыс орнынан бас тартқан 11 адам жұмыссыздар есебінен шығарып салынды.
Аймақта абақтыдан шыққандарға арнайы квота бөлінген. Оған сәйкес өңірдегі барлық мекемеде бұрын істі болғандарға 1 пайыз орын босатылып берілуі қажет. Өткен бес айда өңірде квота көмегімен 20 тұрғын ғана жұмысқа қабылданған. Бұл - пробация есебінде тұрғандардың екі пайызы ғана. Бн
Б. Надірқызы