Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордалық полицейлер марапатталды

  • AstanaTV
  • 24 маусым 2022
  • 4877

Елордада Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған мерекелік шара өтті. Онда қызметін абыроймен атқарып, ерекше көзге түскен және үлгілі еңбегімен дараланған тәртіп сақшылары   марапатталды.

Елордада Қазақстан полициясының отыз жылдық мерейтойына орай мерекелік концерт өтті. Салтанатты шараға қала әкімі қатысып, тәртіп сақшыларын кәсіби мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, полицейлердің қоғамдық тәртіпті сақтаудағы маңызды рөлін атап, барша елордалықтар атынан алғыс айтты.

Алтай КӨЛГІНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Сіздердің қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті сақтау жолындағы еңбектеріңіз орасан зор. Сондықтан полицейлерге айтар алғысымыз шексіз. Мемлекет тарапынан да полицейлерге барынша жағдай жасау қолға алынған. Президент тапсырмасы бойынша қызметкерлердің жалақысы маусым айынан бастап отыз пайызға өсті. Одан бөлек материалдық қамтамасыз етуге де баса көңіл бөлінген. Соңғы үш жылда 134 арнайы көлік, 1585 электронды техника сатылып алынды. Биыл тағы 54 көлік пен 920 техника алу көзделген.

Өкінішке қарай, полицейлердің қызметі қауіпке толы екені рас. Былтыр аға инспектор Бауыржан Сәмбетов қызмет уақытында қаза тапқан. Бүгін айтулы мерекеде марқұмның жары Фариза Сәмбетоваға пәтер кілті табысталды. Сонымен қатар үлгілі қызмет етіп, үздік нәтиже көрсеткен тәртіп сақшыларына арнайы сыйлықтар беріліп, мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Диас ТОҚАТОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:

Бүгін мен Ішкі істер министрінің атынан арнайы ведомстволық наградаға ие болдым. Кеше ғана мемлекет басшысы Қазақстан полициясының отыз жылдық мерейтойына қатысты арнайы жиынға қатысып, ішкі істер органдарының маңызды және жеке рөлін атап өтті. Және де ішкі істер органдарының ардагерлері мен барлық қызметкерлерін жылы лебізбен, ьілекпен құттықтады. Бұл біз үшін, яғни полиция қызметкерлері үшін үлкен абырой және бедел деп санаймын.


Елімізде бұл мереке 2007 жылдан бері тойланып келеді.  1992 жылы дәл осы күні «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заң қабылданған. Ол -Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін айқындайтын алғашқы құқықтық акт.

С. Селеубайұлы