Премьер-Министр еліміздегі интернет сапасын сынға алды

  • AstanaTV
  • 13 қыркүйек 2022

Желіні жолға қоймай, цифрландырудың пайдасы жоқ. Үкімет басшысы ірі қалалардың өзінде интернеттің ұстамайтынын айтып, жауапты министрліктің жұмысын сынға алды.  Министрдің де жауабы дайын болып шықты. Үкімет отырысына қатысқан тілшіміз Ақбота Базарбай тақырыпты тарқатады.

Интернеттің сапасына шағымданушылар көбейген. Үкімет басшысы мәселені шеше алмай отырғандарға шүйлікті. Желідегі мәселе жолға қойылмай, қызметтерді цифрландырудың пайдасы жоқ деді. Мәселені шешуді тапсырды. Отырысқа қатысқан барлық шенеуніктерге нақты тапсырма жүктеді.  

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Біріншіден, Цифрлық даму министрлігі орталық мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, ақпараттық жүйелердің істен шығуын азайтатын жүйелі шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін. Екіншіден, Еңбек, Сауда және интеграция министрліктері биылдың соңына дейін «Отбасының цифрлық картасы» және «Әлеуметтік әмиян» жобаларының тиімді жұмысын қамтамасыз етсін.

Министр Бағдат Мусин желілер жаңартылып жатқанын айтып ақталды. Жыл соңына дейін Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының кей жерлеріне 5G интернет орнатылады деді. Басқа өңірлерге 5G интернет желі үшін әуелі радиожиіліктердің аукционы жолға қойылуы керек деп отыр.

Бағдат МУСИН, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРІ:

Өздеріңізге мәлім, 5G тарату үшін инвестиция қажет. Құны 5 тиындық нәрсе емес. Сондықтан өңірлерге сол технологияны апару үшін ірі қалалардың ішінде экономикалық негізді табуымыз керек. Операторлар оның негізін көруі керек. Жалпы қазір қолданыстағы 4G-дің сапасын жақсартсақ, ол да жақсы. 4G жақсы істеп тұрса, YouTube-ті де, Tik-Tok-ты да қарай алады.

Сонымен қатар министр мемлекеттік қызметтердің 94 пайызы электронды форматқа ауысқанын жеткізді. Ал 2025 жылға дейін барлық 5 мың бизнес-процеске толық реинжиниринг жасалмақ. Атап айтқанда, әрбір қызмет түрі зерттеліп, оларды алу үшін азаматтар қанша қадам мен сатыдан өтуін, жұмсалатын қағаз көлемін анықтап, қажетсіз бюрократия жойылады деді.

А. Базарбай