Мемлекет басшысы Алматыдағы резиденциясында Бауыржан Байбекті қабылдады. Кездесу барысында мегаполис әкімі Елбасыға қаланың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын баяндады. Мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысы мен алдағы жоспарлары туралы есеп берді.
Нұрсұлтан Назарбаев қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыру үшін тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Жаңа жұмыс орындарын ашу үшін құрылыс жұмыстары мен әлеуметтік маңызды нысандарды мерзімінде тапсыруды бұйырды. Президент тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесінің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, келер жылы өтетін екі ірі оқиғаға жіті дайындалуды тапсырды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Алматы - еліміздегі ең ірі қала. Республика бойынша атқарылатын барлық жұмыс оның дамуына әсер етеді әрі тұрғындарына көрініп тұрады. Биыл қаланың 1000 жылдығы мерекеленеді, келесі жылы қысқы Универсиада-2017 өткізіледі. Бұлар - ірі мемлекеттік іс-шаралар. Оларды іске асыру үшін орасан жұмыс атқару қажет. Сондай-ақ қаланың күзгі-қысқы кезеңіне дайындықты бүгіннен бастау керек. Өткен кездесуде мен бірқатар тапсырма берген болатынмын, олардың мүлтіксіз орындалуын бақылау қажет.
Берік ХАСЕНОВ