Батыс Қазақстан облысында автокөлік жолдарының тең жарымы жөндеуді қажет етеді. Сондықтан биыл барлық деңгейдегі жолдар жөнделмек. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысының 5 институционалдық реформасын жүзеге асыру бойынша "100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мәселелеріне арналған брифингте аймақ әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді.
Жалпы өңірдегі автокөлік жолдарының ұзындығы - 6530 шақырым. Мұның ішінде облыстық, аудандық маңызға ие жолдардың да жағдайы мәз емес. Биыл облыс пен аудан жолдарын ұстап тұруға 6 млрд теңге қарастырылған. Оның 1,7 миллиарды облыс бюджетінен бөлініпті. Жыл соңына дейін республикалық деңгейдегі жолдардың 93 шақырымы жөнделеді.
Алтай Көлгінов, Батыс Қазақстан облысының әкімі:
Биыл республикалық маңызға ие автокөлік жолдарын жөндеу ісіне республикалық бюджеттен 9 млрд теңге бөлінді. Оның 5,5 миллиарды "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша Орал-Тасқала бағытында 31 шақырым жол салынады. Сонымен қатар, аудандық деңгейдегі жолдар мен Орал-Атырау тас жолының кейбір бөліктері жөнделеді. Жалпы жыл соңына дейін 230 шақырымдай түрлі деңгейдегі жолдар жөнделеді.
Еркін КАРИН