Астанадағы «Мұнар» тұрғын үй кешенінің тұрғындары өз пәтерлерінің құжаттарын ала алмай жүр. 400-ден аса пәтері бар нысан осыдан 3 жыл бұрын бой көтерген болатын. Заңды құжаттары жоқ тұрғындар баспаналарын сата да алмайды. Ал коммуналдық төлемдерді жоғары тарифпен төлеуге мәжбүр. Өйткені үйді пайдалануға болады деген әкімдіктің рұқсат қағазы жоқ. Берік Хасенов тарқатады.
«Мұнар» тұрғын кешенінің тұрғындары 3 жылдан бері пәтерлерін өз аттарына рәсімдей алмай жүр. Өйткені әкімдік 400-ден астам пәтері бар нысанды әлі күнге дейін пайдалануға қабылдамаған. Кесірінен мыңдаған азамат өз үйлеріне тіркеуге де тұра алмай жүр. Ал коммуналдық қызмет ақысын заңды тұлғалар сияқты жоғары тарифтермен төлеуге мәжбүр. Құрылыс компанияның жыл сайынғы уәдесінен жалыққан жұрт не істерін білмей дал.
Ерлан Қуантаев, «Мұнар» ТК тұрғыны:
Ашығын айтқанда, қалтамызды қағып алады. Әр пәтерден қара су үшін ай сайын 5 мыңнан астам қаржы төлейміз. Бұл неткен сұмдық. Өз пәтерімізге тіркеле алмаймыз. Кесірінен балаларымызды бала-бақшаға, мектепке қаланың арғы шетіне апаруға тура келеді. Қарапайым халық қашанға дейін қиналуы керек. Қарызға емес, толық ақшамызды төлеп алған пәтерлеріміз.
Жиналған жұрттың жанайқайын естуге тұрғын үй кешенін салған компанияның басшылығы түгел келді. Олар әкімдік нысанның құжаттарын қабылдау үшін кемшіліктерді жоюды тапсырғанын жеткізді. Құрылыс компаниясының өкілдері бұл біраз уақытты талап етеді, дейді.
Жанарбек Бектеміров, «АССМ-01» ЖШС заңгері:
Жұмыс комиссиясының актысына толығымен қол қойылған, тек Алматы ауданының әкімдігінің қолы жоқ. Олар екінші балалар ойын алаңын салуды талап етуде. Бұл жобада болмаса да, біз оны саламыз. Қазіргі күні кепілдік хатын жазып бердік, енді әкімдік, халықты қинамай, тезірек актіге қол қойса, жақсы болар еді.
Ал Астана қаласының әкімдігі нысандарды пайдалануға қабылдау заңына өзгеріс енгізілгенін жеткізді. Оған сәйкес, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қабылдау комиссиясы деген түсініктер болмайды.
Берік Хасенов, тілші:
Яғни мемлекеттік органдар салынған нысандарды пайдалануға қабылдау барысына тікелей қатыспайды. Енді нысанның құрылысына тікелей қатысатын тұлғалар құжаттарды өздері реттеулері тиіс.
Берік ХАСЕНОВ