Білім беру нысандары мерзімінде тапсырылуы тиіс. Бүгін премьер-министрдің орынбасары Дариға Назарбаева әкімдіктерге осындай тапсырма берді. Бұл туралы премьер-министр сайтында жарияланды. Биыл Ұлттық қордан 77 мектеп пен 19 балабақша салуға 57 миллиард теңге бөлінген.
Қазір 96 нысанда құрылыс жүріп жатыр. Білім және ғылым вице-министрінің ақпарынша, 21 нысан пайдалануға берілген. Оның 13-і мектеп, қалғаны балабақша. Бөлінген қаражаттың 88 пайызы жұмсалған. 5 аймақта - Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астанада - 3,2 миллиард теңге игерілмеген. Бұған мердігерлермен болған сот ісі және келісімшарттарды кеш орындау мәселелері себеп болса керек. Вице-премьер құрылысты бақылауға алып, ақшаны мерзімінде игеруді де тапсырды.