Жаңа оқу жылы қарсаңында Павлодар өңірінде 6 мыңнан аса жеткіншек материалдық көмекке зәру екені анықталды. Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, бұл сан әлі де арта түсері анық.
Тамыздың 1-нен басталған «Мектепке жол» республикалық акциясы қыркүйектің соңына дейін жалғасатын болады. Оның алдында басқарма мамандары педогогтар, ішкі істер қызметкерлері мен ата-аналардың қолдауымен бес мыңға тарта ауланы аралап шыққан. Көмек мұқтаж баланың нақты саны - 6351. Мемлекеттік мекеме өкілдері облыстың ірі кәсіпорындары мен ұйымдарына оларға қолдау көрсету туралы хаттар жолдаған. Сондай-ақ мектеп жәрмеңкесін ұйымдастырылып, оқушыларға қажетті заттар төмен бағамен сатылмақ.
Ботагөз Әбілжанова, Павлодар облыстық білім басқармасының бас маманы:
Біздің шұғыл байланыс телефондарымызға, білім мекемелеріне адамдар келіп, көмек көрсетсеңіздер дейді. Тізім толық емес. 15 мыңға жуық балаға көмек көрсетеміз деп ойлаймыз.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ