Еліміздің Бас прокуроры Жақып Асанов та соңғы 10 жылда қозғалған қылмыстық істер бойынша шетелдерге 10 млрд доллардан астам шығарылғанын айтты. Назар аудару керек - тек қозғалған істер бойынша. Жақып Асанов құқық қорғау органдарының қаржылық құйтырқылық істерді нашар тергейтінін айтты. -Себебі қаржы жымқырушы ақылды, техникалық жағынан білімді, шапшаң ойлайды және бірнеше қадамын ойластырып қояды,- деді. Ұрланып, шетелдерге асырылған активтерді қайтаруға арналған дөңгелек үстел барысында.
Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры:
Өкінішке қарай, қаржыға байланысты қылмыстық істер бойынша нашар жұмыс істейміз. Негізінен тиын-тебен қайтарамыз... Неге? Себебі қаржы жымқырушы ақылды, техникалық жағынан білімді, шапшаң ойлайды және бірнеше қадамын алдын-ала ойластырып қояды. Қайтару үшін ұрланған ақшаны тауып, мұздай қатырудың орнына тергеу басқамен шұғылданады. Шығын көлемін анықтап жатқанда, қылмыскерлер жымқырғандарын шетел асырып жібереді де, тып-тыныш елден тайып тұрады.
Жақып Асанов тергеу амалдары жүріп жатқанда Атырау облысының әкімі болған Бергей Рысқалиевтің сыбайластары шетелге жарты миллиард доллар аударып, жемқорлардың Англияға қашып үлгергендерін мысалға келтірді. Екінші мысалы тіпті «жарқын»: астаналық «Какаду» деп аталатын фирманың директоры Мирхат Әлімбетов үлескерлерден 5,5 млн доллар жинап алып, шетелге қашқан. Қылмыстық іс қозғалғаннан кейін де, 3 айдың ішінде оның шетелдердегі есепшоттарына ақша аударылып жатқан. Ал тергеушілер күдіктенбеген де. Қазір ол ақшаның ізі де жоқ. Құқық қорғау органдары ақшаның қайда екенін білмейді.
«Әлімбетов Қазақстанға қайтарылды. Бірақ ақша қайтарылған жоқ. Ең сорақысы, тергеушілерде ақшаның қайда болуы мүмкін екені туралы ақпарат та жоқ. Иә, қылмыскер бостандығынан айырылды, алайда ұрланған ақшасын үлескерлер көрмеді де»,- деді. Бас прокурор негізі «көрмейді де» дегісі келген шығар.
Әлгі Әлімбетов деген қыркүйекте сот шешімімен 6 жыл 8 айға түрмеге отырған. Ол «Қыпшақ» тұрғын үй кешенін саламын деп прокурор айтқандай, үлескерлер ғана емес, бюджет қаржысын да қымқырған. Бюджеттен 430 млн теңге, үлескерлерден 390 млн теңге. 2012 жылы Дубайдан табылып, биыл көктемде ғана экстрадицияланған еді.