Шымкентте «Мектепке жол» акциясы аясында бір күнде 400-ден аса бала мектепке қажет құрал-жабдығын түгендеп алды. Мұндай қамқорлықты имамдар жасап отыр. Облыстағы дін өкілдері мен «Зекет» қоры тұрмысы төмен, көпбалалы отбасы балаларының керек-жарағын түгендеп берді. Оның ішінде сөмке мен дәптер, қалам, бояу секілді нағыз қажетті заттар бар. Бұл әсіресе бір үйден бірнеше баласы мектепке баратын ата-аналар үшін айтарлықтай жеңілдік болып отыр. Сондай-ақ жүзден астам балаға ақшалай көмек те берілді. Дін өкілдерінің айтуынша, қаржылай жәрдем беруге бірқатар кәсіпкерлер атсалысыпты.
"Мектепке жол" қайырымдылық акциясы қазір аудан-ауылдарда да өтіп жатыр. Мұндай шара қыркүйек айына дейін жалғасады. Мешіт өкілдері облыс бойынша тағы мыңға жуық баланы оқуға қажетті заттармен қамтамасыз етіп, қуантуды көздеп отыр.
Айзада ТӨРЕБЕҚЫЗЫ