Русский Сайттың толық нұсқасы

Мехриниса мен Замира... Жалғызбасты әйелдердің «ит тірлігі»

  • AstanaTV
  • 05 қараша 2016
  • 3019

... Соңғы уақытта балаларымен қаңғып қалған жалғызбасты аналар туралы жиі естиміз, оқимыз. Олардың шын мәнінде шарасыз күйі әлеуметтің әлсіз топтарын қорғауға байланысты «стандарттарды» қайта қарау керектігіне нұсқайды. Біріншіден,шын мәнінде мүсәпір жандардың санын анықтау керек. Жалғызбасты аналар /олардың арасында ауруы ауыр әйелдер аз емес/, отағасы ауру, мүгедектер. Екіншіден, қатарға «ілініп» кетуге шамасы келмейтіндерге «сүйек-саяқ» лақтырғанды қою, ондай саясатты өзгерту. Олардың балаларының өрім-өрім киімдері, санитарлық жағынан адам шошитын жерлерде өмір сүруі, құнарсыз, тіпті зиян тамақ ішуі...  сондықтан адамдар өте көп ақша кететін шаралардың мағынасын түсінгісі де келмейді, оның үстіне ол ақша ортасында желінетінін біледі...

Ал қайырымды жандардың арқасында біреулер баспанаға ие болып жатса, адамға ұқсап өмір сүретіндей мүмкіндік беріліп жатса, кәдімгідей қуанамыз. Оның ішінде асып бара жатқан дүние-мүлкі жоқ адамдардың қайырымдылығы ерекше шымырлатады. Төбесі ортасына түскелі тұрған үйде жылап отырған Мехринисаның көз жасын ...Замира көрді.

- Төбесі бәрі түсіп жатыр,жаңбыр өтіп потологы. Сыласақ та болмады. Содан кейін қазір мынадай баннер тартып қойғам. Қысымен екі рет ауыстырамыз мұны.

Шымкенттік  Мехриниса Ходжаеваның баспанасының сыйқы осы. Он жыл бұрын  ата-ана, бауырларының жәрдемімен тұрғызып алған  шағын үйінің қабырғалары да құлауға шақ тұр. Қу жоқшылық  жеткізбейді,- деп жылайды жалғызбасты ана.

Мехриниса Ходжаева, Шымкент қаласының тұрғыны:

Мен жылайтынмын,қиналып отырып жылайтынмын. Інім жоқ, бір інім ағам жоқ. Әпшелерім жоқ қарасатын, көмектесетін, сырласатын деп. Балалар алдында бәрінің үйі жақсы, біздікі мынандай, мен өмір сүргім келмейді деп, сөйтіп айтатын.

Қуанбай қайтсін. Жатаған лашықтың қасында аса үлкен болмаса да, еңселі үй бой көтерген. Үш бөлмелі.Тамыз айының соңында басталған құрылыс екі айда бітуге таяу. Қайырымды жандарға алғыстан өзге айтарым жоқ,- дейді жүрегі жарыла қуанған ана.

Кішкентай қалды енді. Бұл жақта балалардың бөлмесі болады.

Бұйыртса Мехриниса отбасымен жаңа жылға дейін қоныс тойын тойлауға ниеттеніп отыр. Отбасының асыраушысы жалғыз өзі. Тойханада ыдыс жуып табатыны -2 мың теңге. Оның өзі күнде емес. Айтуынша отағасы ішкілікке салынғандықтан сегіз жыл бұрын айрылысып кетіпті. Келіншек  бес баласын жалғыз өзі асырап отыр. Алды тұрмыс құрып үлгеріпті. Қолқанаттыққа жарайтын жастағы бір ұлы мүгедек.

Мехриниса Ходжаева, Шымкент қаласының тұрғыны:

Мен мүлде мұндай үйге кірем деп ойламаған да едім.Түсіме де кіріп шықпаған. Мен тек қана сол төмендегі отырған  үйімді жөндеп алсам, крышасын жөндеп алсам деген ойда отырғам.

Жаны жабырқау анаға жұбаныш болып, үлкен істің бастамашысы бола білген - Замира. Отыз жастағы келіншек күнделікті құрылыс басынан  табылады. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Алғашында тұрмысы жұпыны отбасының жағдайын көршілерден естіп азық-түлік әкелген Замира төбесі ортасына түскелі тұрған тұрған үйді көріп, түнімен  ұйықтай алмадым,- дейді. Не істемек керек? Құрбыларымен ақылдасыпты. Ойлары әу баста шатырды алмастыру болыпты. Бірақ ескі іргетас жарамайтындықтан жаңа үй тұрғызу қажет деген тоқтамға келген.

Замира Туғанбекова, Шымкент қаласының тұрғыны:

Инстаграм парақшасына шығарғаннан кейін адамдар өздері жаза бастады. –Біз ескі шатыр болса да берейік, бізде шифер бар, бізде балка бар деп. Бір кісі мен цементін берейін деді.

Бастапқыда баяу жүрген құрылыс қазір қарқын алыпты. Бірі шатырын, бірі есігін, бірі терезе сынды қажетті заттарды жеткізіп берген. Жылу жүйелері де әзір тұр. Барлығы қайырымды адамдардың арқасы,-дейді Замира.

Замира Туғанбекова, Шымкент қаласының тұрғыны:

Тек Шымкент емес, бүкіл Қазақстаннан жазып, -не көмек берсек болады,қаражат болмаса да біздің үйдің керегін істеп берейік, ыдыс берейік, тамағын апарып берейік деп жатады. Біз ешқандай көмекке қарсы емеспіз.

Бір айта кетерлігі, Замира қайырымдылықты ұпай жинау үшін жасамайды. Жақсылығын жария етуге алғашында бізге де ықылас танытпады.

Замира Туғанбекова, Шымкент қаласының тұрғыны:

Маған әлеуметтік желілерде көп негатив жазылып жатады. «Сіздер қайырымдылық жасайсыздар,бірақ, жасағандарыңыз дұрыс, сонда да ондай нәрсені тыныш жасайды, айтпай, әлемге жар салмай деп. Ол да дұрыс шығар. Бірақ бізде басқа мүмкіндік болмады. Күн суып қалды. Мына кісілер далада қалып кетпесін деп тек қана сондай оймен. Бұл жерге керек емес зат болса біз оны басқа семьяға ұсынамыз. Өйткені бұндай жанұялар бізде көп өте.

Айта кетейік, Мехринисаның отбасынан бөлек, Замира да мүше қайырымды жандар клубының қамқорлығында тағы  28 отбасы бар. Басым бөлігі  жалғызбасты аналар. Ерікті жастар ай сайын оларға бір рет азық-түлік апарып береді. Бұдан бөлек киім-кешек, дәрі-дәрмекпен де жәрдемдеседі. Солардың бірі Айсұлу есімді келіншек. Екі баланы жалғыз өсіріп отырған ананың кенжесі туа бітті сал ауруымен ауырады. Айына баланың денсаулығына және өзінің күтіп қарауына деп 56 мың теңге жәрдемақы төленеді екен. 30 мың теңгеге пәтер жалдап тұратын ана баласының денсаулығына байланысты жұмыс та істей алмай отырғанын айтады. Айтуынша жауапты орындар мұқтаждарға тиесілі жәрдемақыны толық бермейді. Отбасының кірісі шекті мөлшерден жоғары деп. 

Айсұлу  Қалкенова:

Үкіметтен ешқандай көмек жоқ. Мен сол өкіметтің алдына барғанымды айттым ғой, сізге жаңа, менің ақшамды қарасам Тамара Дүйсенованың да қолы тұр сол жерде, инвалид балдардың ақшасын доход деп есептеп қойған. Сонда ол лечениеге беріледі ме немесе біздің күнкөрісімізге беріледі ме, ол ақша?

Айсұлу алақан жаюды ар санайды. Бірақ жағаға жармасқан жоқшылық, қалтаны қаққан қымбатшылық жанын жегідей жеп барады. Осындайда мейірімді жандардың барына шүкіршілік етеді. Солардың көмегінің арқасында жарты жыл бұрын сәл-пәл ғана қимылдай алған бүлдіршін қазір отыратын дәрежеге жетіпті. Егер ақша жеткілікті болып тиісті емін үзбесем, балам 100 пайыз  жүріп, сөйлеп кетер еді,-  деп арман қылады Айсұлу.

Айсұлу  Қалкенова:

ЛФК -ға  қанша кетеді, логопедке қанша кетеді, психологқа, монтосори соның бәрі менің балама 120 мың теңгедей ақша кетеді екен,айына.

Ресми мәлімет бойынша облыс халқының 5,2 пайызының тұрмысы күнкөріс деңгейінің  шегінен төмен. 1400 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алса, 250 мыңнан астам отбасы балалар жәрдемақысын алып отыр,- дегенді көлденең тартты облыстық әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағылар.

Назира Сейдуллаева, ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру  және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

Әр көмек заңға сәйкес төленеді ғой, тағайындалады. Заңға сәйкес болса, табысы  төмен болса біз оларға  мемлекет тарапынан қаралған көмекті береміз. Аса мұқтаж отбасылар болады. Оларға енді демеуші есебінен көмек беріледі.

Үкімет тарапынан берілетін жәрдемақы мөлшері жыртыққа жамау бола алмайтыны бесенеден белгілі. Осыны жақсы түсінетін қайырымды жандар клубы мұқтаждарға көмек көрсетуді жалғастыра бермек.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Қайырымды жандар клубы барлық істі инстаграм әлеуметтік желісі арқылы үйлестіреді. Клубтың 5 мыңдай жазылушысы бар. Бірі киім әкеп берсе, енді бірі тұрмыстық заттарын түгендеп беруге әзір тұрады. Бұдан бөлек клуб мүшелері әр ай сайын қолдан жасалған бұйымдар мен пісірген тәттілерді жәрмеңкеге шығару арқылы да ақша жияды екен.

Нелля Кахарова, қайырымды жандар клубының жетекшісі:

Менің 5 мың жазылушым бар. Көмектесіп жүргендер сол қайырымды жандар. Әрбірі бір зат болса да әкеп беріп, жәрдемдескісі келеді. 22 ерікті азаматымыз бар. Біз ақшалай көмек бермейміз. Тек заттай, азық-түлік, киім-кешек ретінде. Онда да сенімді болу үшін қайырымды жандардан көмек сұраған отбасыға өздері баруын сұраймыз.

Тағдыры қиын, тұрмысы жұпыны жандармен етене араласқалы Замираның өзі өмірге деген көзқарасы өзгергенін жасырмайды.

Замира Туғанбекова, Шымкент қаласының тұрғыны:

Біреудің баласы ауырып жатады, сол кезде менің оларға айтатыным: сендер менімен барыңдар, көріңдер!. Сендерден де нашар жағдайда тұратын адамдар бар, сендерден де нашар денсаулықпен балдарды тәрбиелеп жатыр. Сендер сол бар нәрсеге шүкіршілік қылыңдар деп.

Бес күн жалғанда жабырқау жанға жәрдемші болғанға не жетсін. Өзі нәзік, бірақ жүрегі үлкен Замираның  бүгінгі ұстанымы осы.

Замира Туғанбекова, Шымкент қаласының тұрғыны:

Бізде инстаграм желісінде жазып жатыр ғой, қазір тренд, модаға кіріп жатыр қайырымдылық жасау деп. Дұрыс. Модаға кірсін. Басқа клубтарға барғанша, шетелге ақшасын құртқанша.

Айзада Төребекқызы Серік Талас «Біздің уақыт».